"ЖЕТІМ" КӨШЕЛЕРДІҢ ЖЫРЫН КІМ ТЫҢДАЙДЫ

Уақыты: 11.07.2023
Оқылды: 850
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биылғы мамыр айында Youtube желісінде «Обожаю» парақшасын жүргізетін Асхат Ниязов Талдықорған қаласы жайында хабар даярлаған еді. Сонда байқағанымыз – қаланың орталық алаңындағы көшелердің жайы жақсы болғанмен, шет жағында орналасқан аумақтардағы жағдай қынжылтады.


Талдықорған – Алматы тасжолының іргесіндегі №3 бөлімше атты тұрғынжай Кеңес одағы кезінде «Еркін» кеңшарының бір бөлімшесі ретінде құрылған еді. Ел тәуелсіздігін алып, өз алдына шаңырақ көтергеннен бері бұл маңға жұрт жаппай баспана салып, үлкен ауылға айналды. Қалаға жапсарлай орналасқан шағынаудан мен №3 бөлімше арасында жеті көше бар. Сол көшелерді жұрт «жетім» көшелер деп атайды. Себебі де жоқ емес. Алыстан қараған жұрттың көзіне оғаш көрінетін жеті көшеге инфрақұрылым жөнді жүргізілмеген. Электр желісі тартылмаған. Мұндағы тұрғындар кәріз желісін түсінде көретін де шығар. Қамсыз отырсын ба, көпшілік өз күшімен сым тартып, электр жарығын тұтынып отыр. Ал бағаналарының сыйқы көзге оғаш көрінеді, тіпті. Жуырда қаладағы Т. Рүстембеков көшесіндегі ескі бағаналардың орнына жаңадан бетонды бағандар орнатылды. Жетім көшедегілерге осындай баған қашан орнатылады екен?

Салыстыра қарасақ, «Жетім жеті көше» атанған аумаққа іргелес жатқан Ынтымақ елді мекені тұрғындарын 2018 жылдан бері инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету қарқынды жүргізілді. Ауылдың ажарын айтпасақ та түсінікті. Қарасаң, көз тояттайды. Тұрғындары да разы. Ал жеті көшенің жайы тіпті аянышты. Жолы да, инфра- құрылымы да жоқ. Осы көрініс Арал теңізіндегі Барсакелмес аралында орналасқан Арал-7 қалашығындағы жағдайға аса ұқсас. Қазір онда жағдай да, жай да жөнді емес. Қараусыз қалған десек те болады. Ал жеті көшенің бойында салауатты өмір салтын ұстанатын, дені сау адамдар тұрады. Олардың тұрмысы үшін жайлы көше, қолайлы орта қажет.

Абай бабамыз «Жартасқа бардым, күнде айғай салдым, одан да шықты жаңғырық» дейді. Біздің жай да соған ұқсас. Орайлы күн туып, жартас жарылып, айғай жаңғырық болып қайтпаса екен деген тілек те бар. Талдықорған қаласының әкімдігі жеті көшенің тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етуді кейінге қалдырмас деген үміт зор. 

«Жетім көше» атанған жеті көшенің тұрғындары үшін жағдай жасау әкімдіктің құзыретінде. Дегенмен, мұндағылар да жайлы көше, қолайлы орта туралы жиі армандайды. Біздегі жетікөшедегілер болашаққа аманатталатын абаттандырылған ауылда тұрғысы келеді. Еститін құлақ болса, әрине!

Құдайберген ТАРЫБАЙҰЛЫ