Жетісуда құрылыс қарқыны жоғары

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 450
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биылғы 8 айда ел экономикасы 4,9 пайызға өсті. Барлық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалады. Құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс саласы ең жоғары көрсеткішке ие. 

Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылуы жайында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин баяндады. Айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,2%-ға өскен. Инвестициялар ағыны көлік пен қоймалауда, білім беруде, саудада және ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте жоғары.

Экономикалық өсім Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында тіркелген.

Қаңтар-шілдеде республиканың сыртқы сауда айналымы 5,7%-ға өсіп, $79,5 миллиардты құраған. Экспорт $44,8 миллиардқа жеткен.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары –Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың дерегіне сүйенсек, мемлекеттік бюджетке барлығы 12,5 триллион теңге кіріс түсіп, жоспар 97,2%-ға орындалған. Мәселен, республикалық бюджет 8,3 триллион теңгеге, жергілікті бюджеттер 4,2 триллион теңгеге толыққан. Мемлекеттік бюджет шығыстары – 98,6%, республикалық шығыстар – 99,3%, жергілікті шығыстар – 98,3%-ға орындалған.

Үкімет басшысы негізінен экономикалық өсімнің тау-кен өнеркәсібі мұнай және табиғи газ өндіру есебінен көтерілгенін айтты. Өңдеу өнеркәсібінде де өсім бар. Сондай-ақ, машина жасау, оның ішінде автомобиль жасау саласында орнықты көрсеткіш байқалады. Құрылыс қарқыны да ойдағыдай. Нәтижесінде 10 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 

Айта кетейік, құрылыс қарқыны бойынша Жетісу облысы алдыңғы лекте. 8 айдың қорытындысы бойынша инфляция 13,1%-ға дейін төмендеген. Әлихан Асханұлы мемлекеттік органдар мен аймақ әкімдіктері азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, тамақ өндірісін ынталандыру бағытында белсенді жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА