Талдықорғанда Семей, Чернобыль құрбандарына ескерткіш қойылды

Уақыты: 16.09.2023
Оқылды: 916
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда Семей ядролық сынақ полигоны және Чернобыль апаты құрбандарына арналған ескерткіш бой көтерді. Ардагерлер саябағында еңсе көтерген елдік пен ерліктің белгісі ескерткіштің ашу салтанатына Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ақшабай Керімбеков, Семей-полигон мүгедектері және ардагерлері ұйымының төрағасы Толыбек Данабеков, «QAZAQSTAN CHERNOBYL ARDAGERLERI» қауымдастығының орталық кеңесінің төрағасы Мұстафа Хұсайын, қалалық мәслихат төрағасы Темірболат Ахажан, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жексембай Мейрембаев қатысып, ескерткіштің тұсауын кесті.

Семей ядролық сынақ полигоны және Чернобыль апаты құрбандарына арналған тас белгіге арналған салтанатты шарада сөз алған қала әкімі Ернат Бәзіл:

– «Ескерткіштер – елдігімнің белгісі», демекші, «Қала күні» мерекесі қарсаңында Семей-Чернобыль ардагерлері ұйымдарының ұсынысымен жер жаннаты Жетісудың орталығы Талдықорған қаласында зәулім ескерткіш бой көтеріп отыр. Игілікті іске атсалысқан баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деп жүрекжарды тілегін арнады. – Семей полигоны мен Чернобыль апатының халқымызға әкелген зардабы мен қасіреті орасан зор. Әр апат – адамзат үшін қасірет. Осының салдарынан қаншама азамат өмірі мен денсаулығынан айрылды.

Халқымыздың басынан өткен қилы заманды және ел еңсесін көтерген жетістіктерді жас ұрпақтың білгені маңызды. Елдің рухын көтерер игі шараларымыз көп болсын. Семей-Чернобыль апаты құрбандарына арналған ескерткішті орнату арқылы құрбан болған азаматтарға бас иіп, тағзым етеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы өз қолымызда», – деп атап өткенінен сабақ ала отырып, болашаққа нық қадам жасауымыз қажет.

Салтанатты шарада Семей-полигон мүгедектері және ардагерлері ұйымының төрағасы Толыбек Данабеков пен «QAZAQSTAN CHERNOBYL ARDAGERLERI» қауымдастығының орталық кеңесі төрағасы Мұстафа Хұсайын кезекпен сөз алып, осы ескерткішті қою жайлы әкімдікке өтінішті 2015 жылы айтқандарын, соның нәтижесі бүгін шыққанын айта келіп, ұсыныстарын ескерусіз қалдырмаған облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа алғыс білдірді. Олардың айтуынша, Талдықорғандағы жаңа белгі Қазақстандағы Семей ядролық сынақ полигоны мен Чернобыль апаты құрбандарына арналған ең еңселі ескерткіш.

Жиынға қатысушылар құрбандар полигоннан зардап шегіп, қаза тапқандардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Гүлжан ТҰРСЫН