Сайлау – 2023: Ашық қоғам құруға айқын қадам

Уақыты: 01.10.2023
Оқылды: 654
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Демократияның діңгегі – сайлау. Демек, сайлау – қоғамды демократияландырудың маңызды институты. Дамыған елдер осы тетікті әрбір басқару құрылымдарына тиімді пайдаланып келді. Әлемдік аренада демократиялық үдерістің көшін бастайтын АҚШ-ты алайық. Штаттары мен қала мэрлерін былай қойғанда елді мекендерінің басшыларын тікелей сайлау арқылы анықтайды.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, елімізде саяси реформалар кезеңі басталғанына аса көп болған жоқ. Тәуелсіздік алған жылдардан бері жергілікті мәслихаттың шешімімен сайланып келген ауыл әкімдерін тікелей сайлауға қол жеткіздік. Екі жыл көлемінде ауыл әкімдерін мажоритарлық негізде жергілікті халық өзі сайлады. Ендігі ретте аудан және қала әкімдерін де сайлайтын уақыт келді. Халық талабы сол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз», –деген еді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізі де сол – халық талабына сай жаңғыру.

Президент тапсырмасына сай 2024 жылы жергілікті басқару органын жетілдіру үшін аудан әкімдерін сайлау мықтап қолға алынбақ. Биыл да аудан және қала әкімдерін сайлау басталады. Пилоттық жоба ретінде. 45 аудан-қала әкімі сайланады. Жалпы, аудан әкімдерін сайлау – Әділетті Қазақстан қалыптастыруға бағытталған шынайы қадам. Қоғамды жаңғыртудың маңызды факторы – жергілікті өзін-өзі басқару істерін реформалау. Ал жергілікті өзін-өзі басқару істеріндегі алғашқы қажетті маңызды шара әкімшілік-аймақ бірліктері басшыларының халықтың сайлауы арқылы анықталып, қызмет жасау үдерісі. Бұл ашық қоғамға бағытталатын еліміздің алғашқы демократиялық қадам.

Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан Республикасы аудан мен ауыл әкімдерін сайлау құқын халықтың өзіне тапсырған алғашқы мемлекет ретінде тарихқа енбек. «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының саяси реформаларын әрдайым қуаттап келгені секілді аудан және қала әкімдерін сайлауын өткізуге мүдделес. Біздің саяси құрылым бұл саяси үдерістің көшінен қалмай, елдің болашағын жарқын етуге ниетті, жергілікті халықтың мұң-мұқтажына қанық азаматтарын қолдап, аудан және қала әкімі болуына септеспек. Жетісу өңіріндегі Кербұлақ және Сарқан ауданының әкімі болуға лайықты азаматтарымыз бар. Олар сол өңірдің әлеуметтік мәселелерін толық шешіп, экономикалық әлеуетін арттырарына сенеміз. «Халық қаласа – хан түйесін сояды» деген. Біздің мақсат – халықтың қолайлы ортада жайлы өмір сүруі. Біз ұсынған кандидаттар сол үдеден шығады.

Арыстанғали Арын,
«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы