Бүгін – Қарттар күні

Уақыты: 01.10.2023
Оқылды: 548
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚОЗҒАЙЫН БІР ӘҢГІМЕ...

Бүгінгідей құндылықтардың қадірі төмендеп бара жатқан уақытта әдебиетке деген жас буынның іңкәрлігі де бәсеңдегендей. Заманында ауылдағы ақсақалдар аңыз бен қиссадан өнеге таратып, жырмен жасөспірімдерге жөн сілтеп отыратын. Осы орайда қазыналы қарияларымыз Зейнолла Жұмаділұлы, газетіміздің ардагер журналистері, сырбаз ақындарымыз Әли Ысқабай мен Кенжехан Рақыштың шығармасын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.  

 

***

Әке деген – ырысың,

Шеше деген – тынысың.

Барын қолдан аямас,

Жомарттықтың жырысың.

Басыңдағы бақ-дәулет –

Аға-іні, туысың.

Үні шықпас жалғыздың,

Жалқы ғұмыр құрысын.

Жаман да болса дейді екен,

Жаттан жақсы туысың.

Қысылғанда жаны ашып,

Берері анық қол ұшын.

Әрбір адам осылай,

Ойлау керек намысын,

Ынтымақ уыз ұйыйды,

Тату болса абысын.

Шықсын десең дабысың,

Көсілсін десең шабысың

Сыйласын десең танысың,

Тату-тәтті болыңдар,

Құлындарым, сол үшін.

         ***

Шабысы жоқ тұлпардан,

Жүрісі жұмсақ ат жақсы.

Тозығы жеткен торқадан,

Өңі тәуір шыт жақсы.

Сазда өскен шалғыннан,

Қыратқа шыққан шөп жақсы.

Уайым мен жөнсіз қайғыдан,

Дерегі бар дерт жақсы.

Аңдысқан ата дұшпаннан,

Қораға үрген ит жақсы.

Пейілі тар байлардан,

Тақыр кедей жоқ жақсы.

Мейірі жоқ туыстан,

Қайырлы болса жат жақсы.

Ынтымақ пен бірлігі,

Бұзылмаған ел жақсы.

Теңізге жауған нөсерден,

Тоғаны толған сел жақсы.

Әрбір айдан аман қып,

Жылыстап өткен жыл жақсы.

Түн ұйқыңды бұздырмай,

Түнермей өткен түн жақсы.

Уайымсыз, қайғысыз,

Шуағын шашар күн жақсы.

Барсаң өрсі болатын,

Қонсаң қоныс қыз жақсы.

Түтініңді өшірмей,

Тәубасын айтар ұл жақсы.

Барлық, байлық, мансаптан,

Денсаулық болса сол жақсы,

Дүниеде айтсақ мол жақсы.

Адамға болмай қыжалат,

Тәңірге етіп мінәжат,

Абыроймен кеткен жол жақсы...  

***

Жақсыны жаман демейді,

Туысым демес өгейді.

Нұрлы болса әр ізі,

Жақсыға кімдер сенбейді?

Ақылды әйел ешқашан,

Ел сөзіне ермейді.

Арадағы махаббат,

Алаулап жанса сөнбейді.

Иманды жарлар қосылса,

Ортаға шайтан кірмейді.

Берекемен іс қылып,

Тәлейі жүріп, өрлейді.

Бейнет шегіп, құт еміп,

Мұңаюды білмейді.

Бар шаруасын жөндейді,

Міне, осындай жарларды

Адаспай тапқан тең дейді.

         ***

Қарасаң біреу олай, біреу былай,

Жазғаны пешенеге жазу солай.

Адамның өз дегені болып тұрса,

Шіркін-ай, өсер еді көңіл қалай?!

Өмірдің азы-көбін Тәңір білер,

Келуім екі елуге екіталай,

Мән беріп өткен-кеткен күндеріме,

Әр істі көңіліме түйдім солай.

Өмірдің шегі-жеті болмағанда,

Ағарар ма еді, кім білсін, шаш пен самай...

Зейнолла ЖҰМАДІЛҰЛЫ

 

ӨЛМЕС ӨМІР

Кете алмай әр нәрсеге терең бойлап,

Түйсігі төмендейді қолды байлап.

Бұйығып қымтанады сезім-сана,

Ерініп жүретіндей баяу жайлап.

 

Болмысқа бұрынғыдай қызықпайды,

Жай ғана сыртын сылай қызықтайды.

Не болған кешегі ақын – Кенжеханға?

Талтүсте жата қалып ұйықтайды.

 

Опасыз пенделерден жеріді ме,

Шайқасып күресуден ерінді ме?

Әйтпесе, қажыды ма кәріліктен,

Көзіне тозақ оты көрінді ме?

 

Адами мұсылмандық дәретпенен,

Тағдырдың жазымышынан ары өтпеген.

Бұрындар жорамалдап жазып еді,

Сексенге келемін деп дәметпеген.

 

Бұл жазмыш айтқаныңа көнбейді екен,

Ақындық шешіміңе сенбейді екен.

Жазары тірліктегі сарқылмаса,

Бәрібір ақын шіркін, өлмейді екен.

 

АТА-АНАҒА МЕЙІРІМ

 

Сен менің қанаттанар аймағымсың,

Қалқыған сүт бетінде қаймағымсың.

Кеудемде жүрегімді елжіреткен,

Атыңды өзім қойған – Айнарымсың.

 

Есімде еркелеген бала шаңың,

Өзімше сол күндермен санасамын.

Уақытпен бірге есейіп келесің сен,

Шақырып алға қарай болашағың.

 

Бұл күнде біздің тағдыр сызылулы,

Көңілім сендерді ойлап бұзылулы.

Ұстаз боп студентке дәріс берген,

Әлі де көрсек дейміз қызығыңды.

 

Арманға қартайғанда жете алмаспыз,

Құрулы «қылкөпірден» өте алмаспыз.

Біліп қой, сені сүйген мейіріммен,

Тұншығып жер қойнында жата алмаспыз.

 

Кенжехан РАҚЫШ,
Қазақстанның құрметті журналисі