Жауапкершілік жүктеді

Уақыты: 30.09.2023
Оқылды: 813
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, сондықтан ұзақмерзімді мақсат қоюға болмайды. Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі», – деді Мемлекет басшысы биылғы дәстүрлі Жолдауында. 

Осылайша Президент Жолдауда айтылған міндеттерді орындаудың нақты мерзімін белгілеп, басшы азаматтарға  зор жауапкершілік жүктеді. 

Жаңа Жолдау еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық өміріне соны серпіліс, тың ойлар, жаңашыл шешімдер әкелетіні сөзсіз. Әсіресе, жаңалыққа толы құжаттың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталуы нақты экономикаға бетбұрыстың көрінісі. Президентіміздің «Азаматтардың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» деген сөзі қарапайым халықтың ойымен үндесіп, жаңашыл, Әділетті Қазақстанды құруға деген батыл қадамдарға бастайды.

Қадыл ЖАНАСБЕКОВ,
Сарқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы


СУ ЫСЫРАП БОЛМАСЫН

Президент  Жолдауында ішкі су ресурстарын үнемді пайдалану жөнінде маңызды мәселе көтерді. 

«Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауылшаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болуда. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», – дегені тура Жаркент өңірінің халқына арналған тұжырым сияқты.

Панфилов ауданында, трансшегаралық Іле өзенін айтпағанда, Арқас тауынан жеті өзен өлке атырабын бойлап ағады. Байқасақ, сол өзен суларының басым бөлігі пайдаға аспай Іле өзеніне құяды, кейбірі жол-жөнекей жер астына сіңіп, жан-жағына жайылып, орынсыз шығынға ұшырайды. Осы өзендерді тежеп, ірі су қоймаларын салса, егіншілеріміз жазда ылғалдан тарықпас еді. Оларда балық шаруашылықтарын құрып, су маржандарынан байлық көзін табуға да болады. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған су жүйелерінің тозығы жетті. Түбі тесіліп, іргесі опырыла сынған темірбетон каналдар орынсыз су шығынына әсер етуде. Су тапшы бола бастаған заманда осы каналдарды тыңғылықты жөндеп, кәдеге жаратқан абзал. Жаңа Жолдауды тыңдап отырып мен осындай ойға келдім.

Кеңесбек СЕРАЛИЕВ,
Панфилов ауданының Құрметті азаматы