«Үйтас» саяжайына газ қосылды

Уақыты: 30.09.2023
Оқылды: 665
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында  ауылдарды газбен қамту жұмысы жүйелі жүргізілуде. Қала күнінде «Үйтас» саяжайына табиғи газ құбыры қосылды. Бұл қуанышты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, саяжай тұрғындарын құттықтады.   

– Елімізде жасалған әрбір игілікті іс тек халық үшін. Біздің міндет – халықтың жайлы әрі ыңғайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Президент тапсырмасына орай 2025 жылға дейін облыс аумағындағы барлық елді мекенді толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етеміз. Қазіргі таңда қала маңындағы 8 саяжайға газ құбырын тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Биыл «Жастар-2», «Ынтымақ» жеке тұрғын үй алқаптарындағы 11,5 мың және қала ішіндегі 585 тұрғынға газ құбырына қосылуға жағдай жасаймыз. Мойнақ ауылындағы газ тарту жұмыстары 2024 жылы толық бітеді деп жоспарлануда. Енді әрбір шаңырақта жылулық, береке, ынтымақ болсын деп тілеймін, – деді облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы. 

«Үйтас» саяжайын газдандыру жұмысының жобасы 2020 жылы басталған. Оған 388 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 43 шақырымға газ құбыры тартылды. Жалпы саяжайлардың, соның ішінде «Үйтастың» инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыс кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Мәселен, 2020 жылы «Үйтас» саяжайына электр желісі тартылды. 2021 жылы 4,3 шақырым негізгі көшелері жарықтандырылды. Қазіргі таңда саяжайдағы 40 үйге газ құбыры тартылды. Жалпы, саяжайда 1 мың 500-ден астам абонент бар.

«Үйтас» саяжайы тұрғындарының атынан Людмила Хадисова сөз сөйлеп, ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген Мемлекет басшысына, облыс, қала әкімдерін алғыс айтты. Газ құбырын қосу шарасы салтанатты іске асқан соң, саяжайдағы ең алғашқы көгілдір отынға қосылған көпбалалы ана Әсия Чукубасованың шаңырағына бардық. Жергілікті әкімдік, «КазТрансГазАймақтың» филиалы, «ЖетісуГазСервис» КММ-і және «ТаразСтрой 2004» ЖШС алты баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ананың үйіне газ құбырына тегін қосып берді.

Еңлік Кенебай