Адам саудасы: ахуал көңіл көншітпейді

Уақыты: 06.11.2023
Оқылды: 524
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазір әлемде адам саудасы қызып тұр. Әсіресе, балаларды тауар көретіндер көбейгенін халықаралық ұйымдар жиі айтып, дабыл қағуда. Әлемнің тоғызыншы территориясы саналатын Қазақстандағы ақпар да мәз емес. Мәселен, бір ғана Жетісу облысында жыл басынан бері 2 адам саудасы тіркелді. Нақтылап айтсақ, екі жағдайда да балалар саудаға түскен. «Ай-қап!» жағдай.

Өңірдегі адам саудасына не түрткі? Мұндай қылмысты құрықтауда құзырлы органдар қауқарсыз ба? Әлде олардың қарекеті мардымсыз ба? Себебі, былтыр өңірде адам саудасы қылмысы мүлдем тіркелмепті. Жетісу облысы полиция департаментінің жедел уәкілі Қуаныш Тұрсынжанның айтуынша, өткен тоғыз айда тәртіп сақшылары қарымды жұмыс жүргізген. Құқық қорғаушылар бар қарекетін ел Үкіметінің 2021 жылғы №94 қаулысымен бекітілген «Адам саудасына байланысты қылмыстың алдын алу, жолын кесу және оған қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» орындауға арнап отыр екен.

– Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша республикалық «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Криминалдық, әкімшілік, көші-қон полициясы және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп жұмыс жүргіздік. Облыс аумағында 115 нысанды араладық. Одан өзге 2023 жылдың 18 тамыз – 30 қыркүйек аралығында өткізілген «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде ПД қызметкерлері арасынан мобильді топтар құрылып, аудан, ауыл-аймақтарында тексеру жұмыстары жүргізілді, – деді жедел уәкіл.

Қуаныш Тұрсынжанның айтуынша, «STOP трафик» аясында құқық қорғаушылар еңбекке мәжбүрлеу фактілерін анықтауға жұмыс істеген. Шара барысында шалғайда орналасқан шаруа қожалық нысандарын, егістік алқаптарын, қыстақтарды аралаған. Бірақ, еңбекке мәжбүрлеу дерегі анықталмаған. Өңірде шеттен келген еңбек мигранттарын қинап, жұмысқа жегу фактісі анықталмапты. Құқық қорғаушылардың сөзінше, жетісулықтар нәпақа табу мақсатында келген шетелдіктерге қиянат қылмайды екен. 

Айтпақшы, адам саудасы қылмысына жезөкшелік те жатады. Жетісу облысы полиция департаментінің жедел уәкілінің сөзінше өңірде, жыл басынан бері 40-қа жуық притон анықталған. Бұл ретте де жезөкшелікке түскен нәзікжандылардың бәрі мұндай қарекетке ешкімнің мәжбүрлеуінсіз өз еркімен барған. 

Облыста адам саудасымен күресте «Талдықорған өңірлік әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі де біршама жұмыс жүргізіп келеді. Бірлестік президенті Жанар Нұрмұханованың айтуынша, олар қазір «Жетісу өңірінде бала саудасымен күресу» жобасын жүзеге асыруда. Түсіндірме жұмыстары мен түрлі тренингтер өткізіп келеді. 

Дастанбек САДЫҚ
Фото: ашық дереккөзден