Әлемі нұрлы әжем-ай

Уақыты: 05.11.2023
Оқылды: 776
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Әже» деген сөзді еркелік, қамқорлық, уайым деген сөздермен теңестірер едім. Себебі, ол баласына деген махаббатын осы сезімдері арқылы көрсететін ерекше жан. Баласы көзінен таса болса жанұшыра іздеп, тағатсызданғанын көрудің өзі оған деген ыстық сезімін байқатады. Осы күні мен де өз әжемді тебірене еске аламын...

Мен әжемді құдды бір киноның басты кейіпкеріне теңер едім. Сондай ашық, көңілі кең, ешкімге зияны жоқ, бәрі жақсы көретін ауылдың әжесі еді. Барлық әжелер сияқты өте балажан болатын. Оның кейуаналық қылықтары менің бала жүрегіме ең жақсы естеліктер қалдырды. Әкемнің үлкен шешесі, яғни, атамның жеңгесі. Өз апаларын көрмегендіктен әкелеріміз оны «апа» деп кеткен. Шынымды айтсам, ес білгелі біреумен сөзге келіп, дауыс көтергенін көрмеппін. Содан болар, дүйім ауылға сыйлы әрі құрметті жан болды. 

Әкем шал мен кемпірдің баласы. Нүсіпхан атамыз бен Жамал әжемнің жалғыз ұлдары бар. Есімі – Арман. Арманнан кейінгі ұлдары менің әкем Әбілтай болды десем қате айтқаным емес. Бала кезінен апасының жанында еркелеп өскен еді. Әкем 6 ағайынды. 6 түрлі мінезбен қалыптасқан балаларын менің атам мен апам айрықша еркелетіп өсірді деп айта алмаймын. 6 баланы асырау үшін таңның атысы, күннің батысы жұмыста жүретін. 5 ұл, 1 қыз болғаннан шығар, балаларын еш еркелетпей тәрбиеледі. Бәрі бір-біріне қарап, бой түзеп өсті. Алайда, бір баласының апасына қашанда бүйірі тартып тұратын. Апасының қойнына жату үшін, тіпті түн ішінде өз үйінен қашып шығатын. 

«Үй арасында үй жоқ. Түнде әжетханаға шыққан сыңай танытып, киімсіз, жалаңаш болсам да үйден қашып, апама баратынмын. Қызығы сол, мен қашқанда анам сабағымды оқымағаным үшін артымнан қуып келетін. Бар ойым үлгеріп, үйге кіріп алсам болды дейтінмін. Ұсталып қалсам, бітті, сол жерде жегенім таяқ болады ғой. Түн. Есікті тоқылдатып тұрғанда үлкен әкем сезгендей:

– Бар, келді ана балаң. Есікті аш, – дейді екен. Апам атып шығып, есікті аша салысымен қойнына бір-ақ кіретінмін. 

Базаршылап жүргенде де алғым келген затымды әпермейінше дүкеннен қайтпайтынбыз. Сөйтіп жүріп, сол кездегі ең жақсы деген 2 велосипедті алғызыппын апама. Еркелігімді көтерген жалғыз адам ғой», – деп бүгінде «Ақтанауы» апасын есіне алып отырады. Бұл менің әкемнің естелігі ғана.

Әжемнің барлық баланы қанатының астына кіргізердей жүрегі кең болатын. Жүрегінің мықты екенін өмірінің соңғы күндерінде дәлелдеп кеткендей. Екі апта тамақтанбай жатудың өзі сол жұдырықтай жүрегінің мықтылығы шығар?! Барған сайын есіктен күтіп алып, шығарып салып: «Әкем-ау, шешем-ау» деп еркелететіні әлі есімде. Тіпті, 40-тан асқан біздің әке-шешемізді еркелеткенінен-ақ, мейірімінің шексіз екенін көрдік, сезіндік.

«Келеміз» деп хабар бергенді ести сала, терезеге қарап, жолымызды тосатын. Үйге кірер-кірместен табалдырықтан қарсы алып, сол есіктен аяғымызды жерге тигізбей күтіп алатыны да есімде. Қайтамыз дегенде бірден көңілі құлазып, балаша бұртиып қалатын. Оның осыншалықты таза сезіміне мен қашанда сүйсіне қарайтынмын.

Жасы келіп, бала сияқты болғаннан кейін әжемді мен де еркелетіп жүретінмін. Сондағы бізге берген махаббатын ол кісі де сезінсе екен деген ой ғой. Оған жылы сөз айтып бастағанда өзімді сүйіп, маңдайымнан иіскеп, мені 2-3 есе артық еркелетіп жіберетін еді. Қалжыңдасып, бәріне нұрын шашып жүретінін ұмыту мүмкін емес. Арасында орысша да сөйлеп жіберіп, келген қонақтардың көңілін көтеріп қоятыны да бар. Сол кейпімен мәңгі есімізде.

Қазақтың ғана емес, орыстың да баласын бауырына басқанда, осынау шынайы адамның махаббатына таңданбай қарамау мүмкін емес. Кең жүрегінен бәріне де орын табылатын еді. Соңғы көргенімде төсек тартып жатса да «Алтыным, қарғам, жаным» деп еркелетіп жатқаны көз алдымда. 

Басына барып Құран оқытқан күні ғана оның енді жоқ екенін сезгендей болдым. Үйге барғанда есіктің алдынан: «Ой, пұшығым менің» деп күтіп алатындай болып көрінеді. Бірақ ондай күннің енді болмайтыны анық. Осыған дейін еріксіз жас дегенді түсіне бермейтінмін. Қазір есіме ала қалсам, естеліктерді ойлағанда көзіме еріксіз жас келеді. Соңғы күндері бетінен сүйіп, еркелеп алғаныма қуанамын. Алайда, ондай күн енді ешқашан келмейді.     

Бір сұрақты 10 рет емес, тіпті 100 рет қойса да жанында отырып, ұмытшақтығына күліп қойып жауап беретін кездерімді де сағындым. Кәмпиттерді қалтасына салып алып, бәрімізге таратып бергенін көзіммен тағы да көргім келеді. «Туба-туба» деп билеп, бетімнен сүйіп, тағы да еркелеткенін қалаймын. Өйткені, ешкім бере алмаған жылулықты, махаббатты жалғыз өзі берген әжем еді. Әлемі нұрлы әжеме деген сағынышымды осылай ғана баса алатынымды ұққандаймын.

Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: ғаламтордан алынды