"Байерге барын берген": 5 мыңнан аса қазақстандық 30 млрд теңгеден қағылды

Уақыты: 08.11.2023
Оқылды: 712
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қаржылық пирамидалар мен интернет алаяқтарға алдандағандарға қатысты Бас Прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Оның сөзінше, елімізде интернет алаяқтықпен айналысатындардың саны азаяр емес. 

"Өткен жолдың өзінде 20444 дерек тіркеліп, 16,5 млрд теңгеге залал келген. Ал биыл жыл аяқталмаса да, 15 мыңға жуық дерек тіркеліп, зардап көлемі 11 млрд теңгеден асты. Олардың құрбаны көбінде үйде отырған аналар мен қыз-келіншектер. Интернет-алаяқтықтың түр түрі бар. Соңғы уақытта кеңінен етек жайып келе жатқан әлеуметтік желі арқылы байер деген атаумен Қытай, Түркия, АҚШ-тан арзан тауар жеткізушілер көбейген. Бірі елімізде тіркеліп, заңды жұмыс істесе, енді бірі халықты толығымен алдап жүр. (...) Қазір байытамын дейтін байерге барын берген қара халықтың базынасын да жиі естіп жүр", - деді депутат.

Депутат халықтың алдап соққан адамдардың бірін мыслға келтірді.

"Солардың бірі Айс Мұратова деген лақап атпен танымал. Шын аты –  Арайлым. Ол соңғы екі жылда халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жақсы жағынан жарнамалаған. Оның ішінде Қытайдан арзан тауарлар, ыдыс-аяқтар жіберемін деген әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, қол астымда заңды жұмысшыларым бар едп елді сендіріп келген. Төлемдерді ешқандай келісімшартсыз, яғни карталық шотқа, аударма арқылы жіберуді сұраған. Басында аз-маз ақшаға қажетті тауарларды жіберіп, кейін ірі сомаға жеткенде барлық салымшыны бір күнде алдап кеткен. Содан бері не тауар, не ақша қайтарылмаған. Желідегі ақпарат бойынша еліміздің әр өңіріндегі 5 мыңнан астам азаматтан жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңге жинап алып, барлығын алдап кеткен. Енді сауда жасап, күн көрмекші болған азаматтар арыз жазып шағымдансақ та, бірнеше айдан бері еш нәтиже шықпайды дейді", - деді Дәулет Мұқаев.

Мәжілісменнің сөзінше, бұл мәселе күннен күнге ушығып жатыр. Ол бұл мәселеде тергеу жұмыстарының әділ жүргізілуін сұрап отыр. 

"Алданған отбасылардың жағдайы ауыр. Қаншама шаңырақ шайқалуға жақын. Бұл схема таза қаржылық пирамидаға ұқсайды. Мен әкелген мына папкада аударылған шоттар мен көшірмелер бар. Мұндай папкадан 3 пакет бар. Соның барлығын (авт. – шот пен көшірмелер) санаса, 30 млрд теңгеден асады. Бұл дегеніміз 10 шақты мектеп салатын ақша", - Дәулет Мұқаев.