НЫСАНАЛЫ БІЛІМ – ГРАНТ НЕГІЗІ

Уақыты: 18.11.2023
Оқылды: 481
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ел ертеңі білімді жастың қолында. Ілім-ғылымды үйреніп, замана көшіне еру өрелі өреннің міндеті. Олардың тарыдай енген мектептен таудай болып шығып кетуі әп сәттегі құбылыс секілді көрінуде. Алайда, 11 жылдық оқуын тамамдағанмен ұлттық бірыңғай тестілеу талайының тізесін дірілдетіп, балапаным деп шырылдаған ата-ананың да шырт ұйқысына уайым ұялатып қоятынын аңғарып жүрміз.

«Оқыған бала болса одан несіне қорқады» дейтін шығармыз. Қорқатындай жөндері бар екен. Кейбірімен сұхбаттасып көрдік. Айтар ойлары әр түрлі болғанымен, негізгі ұғымдары жалпы орта мектептердегі жалпылама емес, нысаналы білімге иек сүйегісі келетінін аңғартқандай.  

Бүгінде әр өңірде жеке мектеп пен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын орталықтар көптеп ашылуда. Нәтижелері де жаман емес. Салыстырмалы түрде қарасақ, ол жерден білім алғандармен мемлекеттік мектептегі оқушылардың көрсеткіші едәуір алшақ.

Неге бұлай? Себеп-салдарын іздедік. Талдықорған қаласындағы бірнеше жекеменшік білім ошағына бардық. Бас сұққан мезеттен ол мекемелерде жұмыс істеушілердің дені жастар екенін бажайладық. «Жас келсе іске» деген тәмсілдің көрінісі көз алдымызда көлбеді.

Ең әуелі шаһардағы «INNOVERSE TALDYQOGAN» жеке меншік мектебіне атбасын бұрдық. Бұл мекеме 2019 жылы ашылған. Қазіргі уақытта мұнда 600-ге жуық оқушы білім алып, ҰБТ-ға дайындалуда. Білім ошағының 4 жылдағы көрсеткіші көңіл қуантады. «Қуантады» деген сөз аздық етер, мерейіңді аспандатады. 2020 жылы 44 түлектің 44-і, 2021 жылы 119 түлектің 116-сы, былтыр 325 түлектің 250-і, биыл 451 түлектің 430-ы грантқа түскен. Айтылған көрсеткіштің артында ерен еңбек пен тынымсыз ізденістің, жүйелі қарекеттің тұрғаны анық.

«INNOVERSE TALDYQOGAN» жеке меншік мектебінің бір ерекшелгі, мұнда сабақ таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жалғасады. Әр пән 75 минуттан оқытылып, күніне 6 сабақ өткізіледі. Білім ошағында мұндай уақыттың қойылуы түлектерге жоғарғы оқу орнына түскен кезде университеттегі сабақ уақытына қиналмай бейімделіп кетуге ықпал етері сөзсіз. Мұнда оқушылар айына 75 мың теңге төлеп оқиды. Оқушы ҰБТ шекті балын жинай алмаса мекеме басшылығы оқудың 1 жылдық ақшасын толықтай қайтарып беруге кепілдік береді. Мұндағы мұғалімдер ондай жағдайдың болғанын да айтады. Білім алушы шекті балды жинай алмағандықтан емес, кейбір құқық саласы сынды мамандықтарға грант аз бөлінгеннен шәкірттердің оқу ақысы өздеріне қайтарылыпты.

Айта кетерлігі, жеке мектепте IELTS халықаралық емтиханына да балаларды дайындайды. Яғни, оқушылар өз еркімен ағылшын тілін меңгере алады, оны оларға ешкім міндеттемейді. IELTS халықаралық емтиханы шетелдік оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Оған дайындау сол жоғарыда айтылған оқу ақысының ішіне кіреді.

Оқу ордасының Ақын Сара 120 мекен-жайындағы филиалында 80-ге жуық мұғалім, 20 куратор бар. Кураторлар баланың тек тәрбиесімен, тәртібімен айналысады. Ата-анамен байланыс жасайды.

Аталған білім ошағының оқушысы Алана Қабдолдаевамен әңгімелесудің сәті түсті. «Неге ақылы мектепте оқып жатырсың, бұрынғы оқу орнынан мұнда ауысуыңа не түрткі болды?» деген сауалымызға ол іркілместен жауап қатты.

Мен «INNOVERSE TALDYQOGAN» мектебіне қаладағы №20 мектеп-лицейінен келдім. Онда «Алтын белгіге» оқып жүргенмін, әлі де солай. Мектепте өзім таңдаған география пәнін бұл жердегідей пейіл қойып оқыған жоқпын. Лицейде барлық пәнді үсті-үстіне оқыта береді. Ал мұнда барлығы басқаша. Мұғалімдер өз мамандығыма деген қызығушылығымды оятып, маңыздылығына көзімді жеткізді. Біз мұнда ҰБТ-да келетін пәндерді бар күшімізді салып оқимыз», – дейді ол.

Барлық жеке білім беру мекемесінде жалпы орта мектептерде оқытылмайтын ҰБТ пәндері оқытылады. Олар оқу сауаттылығы, қазақстан тарихы, матемаикалық сауаттылық және оқушының мамандығына байланысты өзі таңдайтын екі пән бойынша білім тереңдетіліп беріледі. Сондай-ақ, ҰБТ дайындалушы 10 және 11-сынып оқушыларына 6-сыныпта өтіп кеткен сабақтар жүйелі түрде қайта оқытылады.

Біз ары қарай шаһардағы «Innoverse» академиясына арнайы бардық. Білім беру мекемесімен танысып, жай-күйін аңдап көрдік. Оқушыларды оқыту жүйесін саралап, олардың болашақтағы жоспарлы мүмкіндігіне ой жүгірттік.

Жалпы компанияның мүмкіндігі зор. Олар ҰБТ кезінде оқушылардың жоғары бал алып шығуына жағдай жасайды. Грантқа түсуіне ықпал етеді. Жоғары балл жинаған шәкірттеріне iPhone 12, iPhone 13 смартфондарын, 3 адамға, яғни оқушы мен оның ата-анасына Дубайға тегін жолдама және 1 миилион теңге қаржылай сыйлықтар береді. Компанияның басшысы Шерхан Темірбек бұл тәсіл оқушыларды білім алуға ынталандырудың бір құралы деп біледі. Айтуынша академияда 2019 жылдан бүгінге дейін білім алған 1733 түлек 91 мен 96% көрсеткіш аралығында оқу грантына ие болған.

«Достық» білім беру орталығына да барып мекеме директоры Аслан Жәнібековтың сөзіне құлақ түрдік. Істеліп жатқан жұмыстарын көріп, оқушылардың оқуына көңіл аудардық. Мектеп басшысының сөзінше жалпы орта мектептен ауысып келетін шәкірттер алғашында 40-50 балл ғана жинайтынын айтты. ҰБТ-ға дайындық барысында мұндағы мұғалімдер әр оқушымен тыңғылықты жұмыс істейді дейді. Соның нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге жетіп жүргенін атап өтті.

«Достық» білім беру орталығында өткен жылы 175 түлектің 153-і, биыл 183 оқушының 160-ы грантқа түскен. Осы орайда  «Достық»11-сынып оқушысы Айым Камиловамен де тілдескенді жөн көрдік.

«Жалпы орта мектептерде мұғалімдер оқушыларға көп көңіл бөле бермейді. Оқыса оқыды, оқымаса оқымады деп жүре береді. Мен «Достық» мектебіне алғаш келгенде 30 балл ғана алсам, қазіргі уақытта 97-98 балл жинап жүрмін. Бұл жердегі ұстаздар ештеңеге бейжай қарамайды. Әрқайсымызбен жеке жұмыс істеп, жан-тәнін сала көмектеседі. Оқытушылар тарапынан ешқандай қысым жоқ. Мен болашақта осы мектепке мұғалім болып келу ойымда бар».

Біздің зерделеуміз бойынша мемлекеттік мектеп пен жекеменшік білім ошақтары, орталықтарда ҰБТ деген белсенділік пен түсінік айырмашылығы жер мен көктей. Десе де, заманға сай сұранысты қанағаттандырып отырған мектеп пен орталықтар уақыт тудырған үрдісті жандандырып, шәкірттерге сапалы білім берудің жаңаша бағытын айқындап бергені анық. Ендеше, «Кемел елдің келешегі жас ұрпақ» деген түсінікке сай, оқушыларды нысаналы білімге бағыттап жүрген орталықтардың осындай жетістігін көрсетуге де толықтай негіз бар деп санаймыз.

Медет ЖҰМАБАЙ