Жемқор орта адал адамды да жемқор етуі мүмкін – Антикор басшысы парақорларды тұздалған қиярға теңеді

Уақыты: 07.12.2023
Оқылды: 563
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Асхат Жұмағали жемқорлықты түбірімен жоймаса, тамыр жая беруі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Egemen.kz сайтының дерегіне сүйеніп.

Ол журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында сыбайлас жемқорлық өзекке түскен жегі құрт, ауыр дерт секілді екенін айтты.

«Біз дерттен айығу үшін дәрі, вакцина қолданатынымыз сияқты елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті күшейту арқылы құтыла аламыз», дейді А.Жұмағали.

Оның пікірінше, жемқорлықпен күресте қатаң жаза қолдану мәселені толығымен шешпейді. А.Жұмағали жемқорларды қатаң жазалайтын Қытайдың мысалын келтіре отырып, ондағы жемқорлық деңгейі жаза қаншалықты қатаң болса да азаймай отырғанын айтты. Сондықтан аталған ел билігі түсіндіру жұмыстарын күшейтіп жатқан көрінеді.

«Жемқорларды мемлекеттік аппараттан аластау керек. Бұл қадрлық мәселе. Адамдар қандай ортаға тап болатыны маңызды. Егер бақшадан жаңа әкелінген қиярды тұздалған қиярлар салынған ыдысқа салып қойсаңыз, ол түбінде тұзды қиярға айналады. Сондықтан бізге ортаны түзеу қажет», – деді Асхат Жұмағали.

Фото: gov.kz