Облыс әкімі Панфилов ауданының тұрғындарымен кездесті

Уақыты: 07.12.2023
Оқылды: 500
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Келесі жылы зауытқа өткізілген жүгеріге берілетін субсидия көлемі 6 теңгеден 10 теңгеге өсіріледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Панфилов ауданында тұрғындарымен өткізілген кездесуде айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс басшысы бүгінге дейін халықпен 29 кездесу өткізсе, бұл – Панфилов ауданының тұрғындарымен өткізіліп отырған үшінші кездесуі.

Халық алдында баяндама жасаған Бейбіт Исабаевтың айтуынша, ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,9%-ға ұлғайды, бөлшек сауда – 1,4 есе өсті. Ауыл шаруашылығының өндіріс көлемі 57 млрд. теңгені құраған. Ауданда ауыл шаруашылығы дақылдары 44 мың гектарға себілсе, соның басым бөлігі, яғни 61% - дәнді жүгері алқабы. Биылғы жылдың 6 желтоқсандағы жағдай бойынша ауданда 26,7 мың гектардың 26,5 мың гектарынан 175 мың тонна жүгері жиналды. Ал облыста 57 мың гектардан 377,2 мың тонна жүгері жиналады деп жоспарланудаЖалпы облыстағы өсірілген жүгеріні 4 кәсіпорын қабылдап жатыр. Атап айтқанда, «Жаркент крахмал-сірне» зауыты ылғалдылығы 15%-ға дейін жүгеріні 80 мың теңгеден, 15%-дан 20%-ға дейін 75 мың теңгеден 103 мың тонна қабылдап, 25 мың тоннасын өңдеді. Қарасай ауданындағы «АзияАгроФуд» зауыты ылғалдылығы 15% жүгеріні - 70 мың теңгеден, 15%-дан 20%-ға дейін 65 мың теңгеден 55 мың тонна қабылдады, оның ішінде Панфилов ауданының шаруашылықтарынан  10 мың тонна алған. Талдықорған өңірінде бұдан бөлек тағы екі кәсіпорын бар: Көксу ауданындағы «Уыз Май Индастри» ЖШС 22 мың тонна, Талдықорған қаласындағы «Астық Халық Экспо» ЖШС 20 мың тонна қабылдап, 8 мың тоннасын Тәжікстанға экспорттады. Сонымен қатар қазіргі уақытта «Астық Халық Экспо» ЖШС арқылы Қытай нарығына шығару бойынша келіссөздер жүргізілуде.

- Алдағы уақытта шаруашылықтардың өнімдерін өткізу мәселесін шешу үшін «Қорғас» арнайы экономикалық аймағында шетел инвесторлар есебінен болашақта тағы бір крахмал-сірне зауытын салу, Қытайға, басқа шетелдерге экспорттау мүмкіндігін қарастыру керек. Сонымен қатар аудандағы 2 қырман жеткіліксіз болуына байланысты Басқұншы ауылдық округіндегі Алмалы ауылында келесі жылғы бюджеттен 250 млн.теңге қаражат бөліп, тағы да 1 қырман салуды және келер жылдан бастап зауытқа өткізген жүгері үшін субсидияның мөлшерін 6 теңгеден 10 теңгеге дейін көтеретін боламыз, - деді Бейбіт Исабаев.

Ауданның тағы бір әлеуеті - бау-бақша шаруашылығы. Облыс бақтарының 44%-дан астам алқабы осы аудан аумағында орналасқан. Ең ірі бау-бақша шаруашылығы – 1004 гектар бақ алқабы бар «Жаркент Фрукт» серіктестігі. Облыс әкімі өз сөзінде «Валиев Аюпжан» шаруа қожалығының заманауи жеміс сақтау қоймасын сияқты өнім сақтау кәсіпорындарын көбейту керектігін айтты. «Ауданда жемісті өңдеу мәселесі шешілмеген, сондықтан аудан әкімдігіне, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармаларымен бірлесіп инвесторлар есебінен жеміс, көкөніс өңдеу кәсіпорындарын ашуды тапсырамын», - деді ол.

Ал ауданның табиғаты жылыжай шаруашылығына қолайлы болғанымен, бұл мүмкіндік тиімді қолданылмай отыр. Қазір мұнда тек «КазГеоТерм» жылыжайы ғана жұмыс істеп отыр. Бұл бағытта да нәтижелі жұмыс жүргізу қажет.

Жер мәселесі бойынша, өткен жылдан бері 84,9 мың гектар пайдаланбай жатқан жерлер анықталған, бүгінгі күні 39 мың гектар жер ауданның жер қорына қайтарылды. Қайтарылған жерлердің ішінен 3,1 мың гектар жер жеке ауладағы мал бастарының жайылымына бекітіліп берілді. Қалған 35,9 га жер конкурс арқылы табысталатын болады. Алайда былтыр ауданда жер беру конкурсы ұйымдастырылмады, биыл тек 1 ғана конкурс өткізіліп, нәтижесінде небәрі 79 гектар жер берілді.

- Аудан әкімі жылдың аяғына дейін тағы бір конкурс ұйымдастырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мейлінше көбірек айналымға енгізсін. Сонымен қатар елді мекендердегі жеке ауладағы мал бастарын қажетті жайылыммен қамтамасыз ету үшін биыл облыстық бюджеттен 98,2 млн. теңге бөлініп, геоботаникалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы орайда жайылымдардың пайдалану және басқару жоспарын келесі жылдың ақпан айында аяқтауды және жоспарға сәйкес жерлерді қайтару жұмыстарын жандандыруды тапсырамын, - деді Б. Исабаев.

Облыс басшысы өнеркәсіп өндірісін дамыту, соның ішінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақтағы инвестициялық жобалар, «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығының жұмысы туралы баяндады.

Аудандағы жақсы көрсеткіштердің бірі шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты. Мәселен, ауданда 12,3 мыңға жуық жұмыс істеп тұрған бизнес субъектісі бар, яғни облыстағы үлесі – 20,6%. Осы салада 19,4 мыңнан астам адам жұмыс істейді, бұл 2022 жылғы деңгейден 28,5 пайызға жоғары. 10 айдың қорытындысында бизнес субъектілерінен мемлекеттік бюджетке 6,1 млрд. теңгенің салығы жиналып, былтырғыдан
2,3 есеге артқан. Дегенмен Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобада аудан кәсіпкерлерінің белсенділігі әлі де жандандыруды қажет етеді.

Ауданда биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 63,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде бюджет есебінен - 27,8 мың шаршы метр. Бұл ретте Нұркент ауылында 60 пәтер берілді. Сондай-ақ осы ауылда екі 80 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысы осы жылдың маусым айында аяқталды. Сонымен қатар Жаркент қаласындағы екі 60 пәтерлі кредиттік тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары аяқталады. Осы жылдың желтоқсан айында ол да пайдалануға беріледі.

 «Жалпы  2021-2022 жылдары бюджеттік, жалгерлік баспана мүлдем берілмесе, 2023-2024 жылдары 785 пәтер беріліп, кезек 17,2%-ға азаяды», - деді Бейбіт Исабаев.

Белгілі болғандай, ауданда бүгінгі күні тек Жаркент қаласы газдандырылған. Қазіргі таңда газға 6734 абонент немесе абоненттердің жалпы санының 60%-ы қосылды. Биыл ауданның 25 елді мекенін газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу  жұмыстары басталды, осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 615 млн. теңге бөлінген немесе 91%-ы 2025 жылы табиғи газға қол жеткізе алады. Облыс әкімі өз сөзінде газ қостыру құнын төмендету шараларын қабылдауды тапсырды.

Ұзындығы 23 шақырым республикалық маңызы бар «Сарыөзек-Көктал» автомобиль жолының Алтынемел асуына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Келесі жылға тек жол жиектерін жайластыру жұмыстары қалды. Сондай-ақ Алтынемел асуынан Панфилов ауданына қарай осы жолдың 42 шақырымына және 16 шақырым «Көктал-Жаркент» автожолында орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Ендігі кезекте осы жолдардың жалғасы «Қоңырөлең-Көктал» және «Жаркент-Қорғас» автожолдарын жөндеу бойынша «Қазавтожол» мекемесі тиісті жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуде. Жөндеу жұмыстары келесі жылға жоспарланған. Жалпы инфрақұрылымды дамытуға, білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт сияқты әлеуметтік салалар нысандарын салуға, қайта жаңғыртуға және жобалау жұмыстарына жалпы 2022-2023 жылдары облыстық бюджеттен 20,7 млрд. теңге бөлінген.

Жиында аудан тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Бірнеше тұрғын суару каналдарының жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, жазда суармалы су ысырабын болдырмау шараларын қабылдауды сұрады. Бұл мәселелер аудан әкімдігімен бірлесіп жұмыс жүргізу үшін «ҚазСуШар» мекемесіне тапсырылды.

Жаркенттегі көп қабатты үйлердің меншік иелерінің бірлестігінің атынан үйлерді жылу қазандықтарына қосу, аулаларды абаттандыру мәселелері көтерілді. Аудан әкімінің айтуынша, қалада 49 көп қабатты үй бар. Соның 14-і 6 БМК қазандығына қосылған. Қалған үйлерді қосу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға қаржы бөлінді. Келесі жылдың екінші жартысында құрылысы басталады. Облыс әкімі аудан әкімдігіне пәтер иелері кооперативінің орнына құрылған меншік иелерінің бірлестігінің ішіндегі үлгілі жұмыс істейтінін насихаттау арқылы бұл жүйенің тиімділігін көпшілікке таныту керектігін айтты.

Сол сияқты Нағарашы ауылының тұрғыны елді мекен халқының саны өсіп келе жатқандықтан, ауылға дәрігерлік амбулатория қажеттігін жеткізді. Бұл мәселе егжей-тегжейлі зерделеніп, тиісті шешім қабылданатын болады.

Жалпы залдан қойылған 10-ға жуық сұрақтың бәріне жауап беріліп, шешіміне қатысты тиісті лауазымды тұлғаларға тапсырмалар берілді. 

Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай