МЕН КӨРГЕН ЖЕЛТОҚСАН

Уақыты: 13.12.2023
Оқылды: 593
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еліміздің бүгінгідей өркендеуінің сыры азаттықты, тәуелсіздікті, егемендікті аңсаған батыр бабаларымыздың, ақ жаулықты аналарымыздың арманымен тікелей байланысты. Ұрпағының еркін елде өмір сүргенін, халқының өз алдына дербес мемлекет атанғанын ғасырлар бойы тілеген ата-әжелеріміздің ақ батасы қабыл болып, бүгінгі биікке жеткеніміз анық. КСРО атты алпауыт мемлекеттің құрамында үні құмығып, тілі шұбарланып, діні тұманданғанын көрген халқымыздың қайсар жастары 1986 жылғы Желтоқсанда мұз шайнап, қар бүркіген нар секілді бұлқынғаны тарихи ақиқат. Сол күндерге куә болып, кеңестік идеологияның оспадарсыз қиянатын өз көзіммен көрдім.

Онда мен Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылық институтының (қазіргі Қазақ Аграрлық Университеті) ауылшаруашылығын электрлендіру факультетінде 5-курстың студентімін. Жатақханада студенттер кеңесінің төрағасы едім. Дәл 15 желтоқсан күні кешкісін вахтерден: «Бір кісілер шақыртып тұр!» деген хабар жетті. Бірге оқитын курстас досым Өмірзақ Айдаралиев екеуміз түстік. Сөйтсек қарапайым киінген екі жігіт тұр. Олар оңаша сөйлесуді өтінген соң басқарма бөлмесіне кіргіздік. Қызметтік куәлік көрсетіп, өздерін таныстырған соң: «Димаш Ахметұлын бүгін қызметтен босатты. Орнына Колбин тағайындалды. Сол үшін ертең таңғы сағат 9.00-де алаңға Киров, АЗТМ, АХБК зауыттарының, СМУ-15-тің жұмысшылары, студенттер шығады. Сіздер де қапы қалмаңыздар», – дегенді қысқа қайырып, шығып кетті.

Ертеңінде сағат 8.00-де сабаққа кеттік. Абай мен Фурманов көшесінің қиылысындағы оқу ғимаратының жертөлесіндегі зертханада отырғанымызда сырттан шу естілді. Көп ұзамай әлдекімдердің жастарды алаңға шақырған айқайы шықты. Вишневецкий деген мұғалімнің сабағы өтіп жатқан, студенттер өре түрегелді. Бәріміз алаңға тарттық. Күн суық. Сағат таңғы онның шамасы алаң адамға лық толды. Сәтпаев көшесінің бойында тұрған жатақханамыз алаңға жақын. Шамамен 200 метрдей жер. Алаңда жолыққан таныстарымыз бен курстастар біздің жатақханаға түскі ас ішуге жиналдық. Ара-арасында сыртқа шығып қарап қоямыз.

Алаңдағы мінберге шыққан Камалиденов, Мұқашев, Назарбаев сынды Қазақ КСР-ның саяси кеңесінің мүшелері жастарға басу айтып жатты. Телеарналар жұмысын тоқтатқан. Тек радиохабар таратты.

Түс ауа үсті палаткамен жабылған жүк көлігі алаңның қақ ортасына тоқтады. Сыртқа шыққан жүргізушісі автотранспортты қараусыз тастап кетті. Суықта жаурап, әрең тұрған жігіттер әлгі көлікке тиелген ішімдікпен бой жылытуға кірісті. Содан көп ұзамай бір шеттен әскерилер шыға келіп, қақтығыс басталып кетті. Фурмановтың бойымен «жигули» көлігін мінген әлдекімдер қоқаңдап еді, жігіттер көлігімен бірге аударып тастады. Артынан Сәтпаев пен Фурманов қиылысында тағы бір «волга» төңкеріліп қалды. Оның жанармайынан от тұтанып, өрт шықты. Сағат 16.30-ға таман су шашып, жиналғандарды тарқататын машина келді. Оның жүргізушісі де алаңға жетпей қашып кетті. Сөйтіп бұлғақтың бірінші күні аяқталды. Кешкісін жақын маңдағы жатақханаларға адам толып кетті. Азық-түлік дүкендері мен асханалар жабылып қалыпты. Сосын Абай мен Достық көшелерінің қиылысындағы «Самал» сауда орталығынан азық-түлік, нан алдырдық.

Ертеңінде жастарды алаңға жібермеу туралы нұсқау келіп, студенттер кеңесінің төрағасы ретінде курстастарыма тоқтау айтуға тура келді. Абай-Фурманов қиылысында үлкен автобус үстіне шығып, көпшілікті тыңдатуға тырыстық. Алайда тыңдайтын құлақ табылмады. Сол аралықта Сәтпаевтың бойымен шығыс жақтан 7-8 автобус әскерилер келіп жетті. Оған Рязаньдағы әскери училищенің курсанттары мініпті. Алаңға жетпей тоқтаған автобустан бастан-аяқ жасанған әскер түсіп, ереуілдеушілерге қарсы жүріп, ең алдында тұрған жігіттерді бөліп-бөліп, бөлшектеп әкете бастады. Қарсылық білдіргендер соққыға жығылды. Артқа шегінген алаңдағы жұрттың артынан қазіргі Желтоқсан көшесі жағынан да әскери сап шыға келді. Сөйтіп, қыспақта алынған жастар резеңке сойылдың астында қалды. Сағат 11.00-ге таман ортадағы Байсейітов көшесімен төмен, Абай көшесіне қарай қыз-жігіттер қаша бастады. Бізде жатақханамызға әрең жеттік. Дәл жатақхананың артындағы қуыста жап-жас қызды әскерилер сапер күрегімен басынан соғып, тастап кетіпті. Жан-жақтан жараланып, мертіккен жастарды жинап, алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Жатақхана есігін іштен бекітіп, әскерилерді кіргізбеуге күш салдық.

Ақырында коменданттық сағат жарияланып, көшеге шығу мұң болды. Факультет деканы бастаған мұғалімдеріміз жатақханада бірге қонды. Сонда да болса бұтаққа келіп тығылған торғай секілді жатақханамызды паналаған жұртқа тамақ тасу үшін топтанып, дүкенге барамыз. Азық-түлік жоққа тән. Тек нан аламыз.

Бәрі біткен соң сұраққа алу басталды. Студенттер кеңесінің төрағасы ретінде күнделікті тергеуге алды. Фотосуреттерді көрсетіп, танитынымызды сұрайды. Соның кесірінен біздің факультеттен бірнеше азамат оқудан шығарылды. Өйткені, суретке ашық түсіп қалыпты. Бізді мойынорағыш құтқарыпты. Себебі, ұзын мойынорағышымызбен бетімізді тұмшалап алып жүргенбіз. Тұмақты баса киіп, жағаны көтеріп алғандықтан ажырату қиын болған секілді.

Осылайша Желтоқсанның 17-сі тарихта мәңгілікке қаралы күн болып қалды. Өйткені, топтан бөлініп, таяққа жығылғандарды автокөліктерге мал құсатып тиеп, әкетіп жатты. Жедел жәрдем мен алғашқы медициналық көмек көрсету атымен болған жоқ. Жараланғандарды автобустарға тиеп, қаланың сыртына апарып төгіп тастапты. 20-30 шақырымнан жаяулап, қашып жеткен қыз-жігіттер көп болды.

Сол күндердің қасіретін ойласам аза бойым қаза болады. Өйткені, әркім өзінің амандығын ойлап кетті. Өзгеге көмектесу мүмкін болмай қалғанын қалай жасырайын?! Кейіннен елдің өркендеуіне хал-қадеріміз жеткенше үлес қостық, еңбек еттік. Бірақ Желтоқсанның ызғарлы күндерін әлі күнге есімнен шығарған емеспін. Сол себепті, 1986 жылғы желтоқсан бүгінгі жарқын күніміздің бір өтеу болды деп есептеймін. Онсыз қазіргі жағдайымызға қол жеткізбес едік. Ендеше, қазіргі тыныштығымыз бен береке-бірлігімізден айырмасын!

Мұрат Әубәкіров,
Жетісу облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы
Кәсіпкерлер ассоциациясының директоры
Фото: bilim-all.kz