Үздіктер марапатталды

Уақыты: 29.12.2023
Оқылды: 643
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысы құрылғалы бері жетістіктер аз болған жоқ. Өңірдің ішкі әлеуеті тұрақты өсімді қамтамасыз етіп, республика бойынша ең жоғары көрсеткіштерге ие болды. 2023 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша облыста орта есеппен 16% экономикалық өсімге қол жеткізілді. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Жетісуды желпінткен жетістіктер жайлы облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ жыл қорытындысы жиынында айтып, үздіктерді марапаттады. 

Бір жылда атқарған жұмыстардың нәтижесін баяндаған аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы ауылшаруашылығында 519 мың гектар егіс алқабынан 1,9 миллион тонна өнім жиналғанын айтты.  Биыл жалпы жиналған дәнді дақылдар өнімінің көлемі бойынша облыс республикада алғаш рет 4-орынға ие болды. Алдағы 2-3 жылда өңірде 1 миллион тонна дәнді дақыл жинауға толық мүмкіндіктің барын жеткізді. Облыстағы ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлік, инвестиция тарту, құрылыс және ТҮКШ саласындағы қол жеткізген негізгі көрсеткіштерді айтып, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту облыста кезек күттірмейтін мәселе екенін тілге тиек етті. 

– Бір жыл ішінде тек Талдықорған қаласында 1700  адам баспаналы болды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Облыс тұрғындарын баспанамен қамтуда меценаттар мен  кәсіпкерлердің қамқорлығын ерекше атап өту керек. Біздің мақсат – тұрғын үй кезегінде тұрғандардың санын 10-12 пайызға азайту. Бұл мақсатта атқарылатын жұмыс көп. Халықты маусым аралығына жеміс-жидекпен, көкөніспен қамту үшін Талдықорғанда «Жетісу Агро кешені» кәсіпорнының қоймасы қайтадан жаңғыртылды. Қоймаға 6 мың тоннаға жуық өнім сақталды. Сонымен қатар, Жаркент қаласында «Валиев Аюпжан» шаруа қожалығының 7 мың тонналық қоймасы жуырда іске қосылды. Осындай шаралар маусымаралық кезеңде азық-түлік құнының негізсіз өсуіне жол бермей, бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта халықты арзандатылған азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 7 әлеуметтік сауда орындары қызмет көрсетеді. Қаңтар айында облыс орталығында тағы бір ірі әлеуметтік дүкен ашу жоспарлануда. Бұл жұмыс жүйелі атқарылады. Сонда облыс тұрғындары азық-түлік өнімдерінен таршылық көрмей, қымбат бағаға ұрынбайды, – деді облыс әкімі.  

Инфрақұрылымдық, әлеуметтік объектілерді салуға, реконструкциялауға және жобалық жұмыстарға облыстың әрбір аудан-қаласына орта есеппен 11-14 миллиард теңгеден бөлінген.

Бұл қаржы 2020, 2021 жылдармен салыстырғанда 2-3 есе көп. Бөлінген қаражатқа тұрғын үй, мектеп, аурухана салынып, жолдар жөнделіп, облыс аумағы сумен, жылумен және газбен жабдықталады. Бұл халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететін ең өзекті мәселелер болғандықтан оларды бірінші кезекте шешу үшін облыс басшысы жүйелі жұмыс істеу қажеттігін айтты. 

Денсаулық сақтау және ветеринария саласын дамыту мақсатында қабылданып жатқан шараларға да тоқталған облыс әкімінің айтуынша, құрылыс кезінде уақыт ұтуға, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік беретін блокты-модульдік технологияларды қолдану медициналық және ветеринариялық пункттердің жетіспеушілігі проблемасын шешуге көп көмек болды. Атап өтсек, биылдың өзінде облыста блокты-модульдік 21 медициналық пункт, 24 ветеринариялық пункт іске қосылды. 

Алакөл және Балқаш көлдеріне дейінгі жолдардың құрылысы жақын арада аяқталатынын айтқан аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы Лепсі стансысынан Балқашқа дейінгі жолдың асфальтты-бетон жабынын төсеу жұмысы біткенін жеткізді. Сондай-ақ, Талдықорған – Үшарал бағытына дейінгі жол учаскесінің жұмысы 90% орындалған. Шомылу маусымына дейін барлық құрылыс жұмысы аяқталады. 

Жиында келер жылдан бастап білім беру саласындағы менторлық жоба пилоттық режимде Панфилов ауданының мектептерінде өткізілетіні айтылды. Халықты жұмыспен қамту, кедергісіз орта қалыптастыру, мәдениет пен спортты дамытуда қабылданып жатқан шаралар да назардан тыс қалмады. 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа құрылған облыстың дамуы, өркендеп, кемелденуі жолында бізге барынша қолдау білдіруде.  Біз Мемлекет басшысы тапсырған нақты тапсырмалар мен міндеттерді мінсіз атқаруымыз керек. Жыл бойына қол жеткізген жетістіктің бәрі – ауызбірліктің, ынтымақтасып жұмыс істегеннің нәтижесі деп білемін. Халық үніне құлақ асып, адал қызмет еткен әрбір қызметкердің еңбегін ерекше бағалаймын. Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша үздік жұмысымен ерекшеленген аудан, басқарма, мекеме қызметкерлеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Облыс тұрғындарының игілігі үшін атқарар жұмысымыз жемісті болсын. Баршаңызға адал қызметтеріңіз бен еселі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын. Еліміздегі жүріп жатқан реформалар оң нәтижесін берсін. Қазақстанның, облыстың беделі жоғары, мерейі әркез үстем болсын. Бәріңізге денсаулық, еңбекте жаңа табыс, отбасыларыңызға тек жақсылық тілеймін, – деген облыс әкімі Бейбіт Исабаев жиынды қорытындылады.  

Биыл алғаш рет жыл бойы жемісті еңбек еткен үздіктер марапатталды. Жылдың ең үздік аудандары қатарынан Сарқан, Кербұлақ және Қаратал аудандары көрінді. Оларға диплом, автогрейдерлер мен трактор техникалары берілді. Сонымен қатар, жер қатынастары, энергетика және ТҮКШ, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары облыста үздік атанып, интерактивті LED-панелі мен түрлі түсті принтер, жоғары вольтты дизельді генератор және жаңа «Инватакси» еншіледі. Облыстың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкер алғаш рет «Елге қызмет» арнайы алғыс белгісін алды. 

Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай