Қоғамдық кеңеске артылар міндет көп

Уақыты: 29.12.2023
Оқылды: 836
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазір кез келген атқарушы биліктің сатысы жанында қоғамдық кеңес атаулы құрылым бар. Бұл құрылымдардың құзіретінде халық пен билік арасындағы алтын көпір болу миссиясы жүктелген. Былайғы тілде айтқанда, мәселесін жеткізе алмаған жағдайда қоғамдық кеңес тонның ішкі бауындай қос тараптың ымыраласуын қамтамасыз ету керек. Шынында анықтамалағы осы болғанмен, қоғамдық кеңестер тап қазір осындай миссияны арқалап жүр ме? Әлде әдеттегі қаптаған құрылымдар секілді қол көтеру, мақұлдау, қолдау сынды қарекеттерге құрылған ұйым ба? Қоғамдық кеңес жайында халықтың көзқарасы қалай? Негізгі мақсатына қалай жетуі тиіс? Осы төңіректегі сұрақтардың жауабы Талдықорған қаласы Салтанат сарайында таразыланды. Аймақ басшысы Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен өткен жиынға өңірдегі 11 қоғамдық кеңес жетекшілері, мүшелері қатысты.

Жиын басында қоғамдық кеңестің мақсат-міндетін таразылаған облыс әкімі 2021 жылы заңға енген өзгерістер мен толықтырулар жайында сөз етті. Мемлекеттің, қоғамның талабына да тоқталды. Осыдан кейін облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ерғазы Қошанбековке тізгін берді. Жыл көлемінде атқарған жұмыстарын, алдағы жоспарын тізбектей жөнелген кеңес төрағасы шешімін тапқан жұмыстарын айшықтай кетті. Оның айтуынша, алғашқы отырыста мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта түзу, мүмкіндігі шектеулі барларға жан-жақты қолдау білдіру төңірегінде диалог құрыпты.  Қоғамдық көлікте соқырларға дауыс зорайтқыш, саңырауларға жазба экрандары орналастыру мәселесі көтерілген екен. Осы түйткілдің тіні тарқайтын күн алыс емес. Сонымен қатар, қоғамдағы ата-ана құқығын қалыптастыру, олардың жауапкершілігін шегендеу, медициналық көмек алудың қолжетімділігін арттыру сынды мәселелерді отырыстарда талқыланыпты. Ерғазы Қошанбеков жиын барысында көптің көкейінде жүрген 10 сотық жер мәселесін қаузады. Талдықорған қаласы бойынша 45 мыңнан аса адам жер кезегінде тұр екен. Осы мәселені облыс әкімдігі мен қала әкімдігі бірлесіп  шешу жолын қарастырса деген өтінішін де жеткізді.

Мұнан соң мінберге көтерілген Талдықорған қалалық қоғамдық қоғамдық кеңес төрағасы Жексенбай Арғынғазыұлы облыс орталығындағы күрмеуі қиын мәселелерді жіпке тізгендей баян етті. Оның айтуынша, қазір қалада 32 мыңнан асатын мектеп оқушысы бар. Бірақ, олардың жазғы демалысын өткізетін лагерьдің болмауы талайдың шымбайына батып жүрсе керек. Уақытында аты дүркіреген лагерьлер қазір жекенің қолында, басқа мақсаттарға қызмет етуде. Мемлекет басшысы әрбір баланың сапалы білім алып, салауатты балалық шағын өткізуін қамтамасыз етуді жергілікті әкімдіктерге жиі жүктейді. Жергілікті әкімдік пен білім ұйымдарының арқасында 2023 жылы 1600 оқушы жазғы демалысында тынығу лагеріне барыпты. Бұл 32 мыңның қасында тым оғаш сан. Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы облыс орталығының маңайынан бір емес, бірнеше лагерь салу керегін ұсынды. Сонымен қатар, Жексенбай Арғынғазыұлы Қаратал өзенінің экологиялық ахуалын, Балқаш көліне қала маңын жанай ағатын өзеннің жағдайын сөз етті.

– Көпшілік біледі, қала маңындағы Мойнақ ауылының тұрғындары бас көтеріп, Қаратал өзенінің табанын аяусыз қазу мәселесін қаузады. Себебі, қалада құрылыс жүргізушілер мен қиыршық құм мен тас тасушылар өзен табанын тереңдей қазып, суды топыраққа сіңіп кетпеуін сақтап тұратын қабат жойылды. Нәтижесінде Балқаш көліне тіршілік нәрі дұрыс жетпейді. Бұл экологиялық апатқа апаратын қадам. Біздің ұсынысымыз, Текелі қаласынан Балқаш көліне дейінгі аралықта өзен арнасын қазуды тоқтату қадамдарын жасау керек, – деді Ж.Арғынғазыұлы.

Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы көтерген үшінші мәселе – көшеттей егіліп, көктей солған жасыл желектер турасында. Айтуынша, жөнді күтіп баптаудың жоғынан жыл сайын қала аумағында егілген талай ағаш қурап қалады екен. Ал жауапкершілік жүктейтін құрылым жоқ. Осы ретте қаланың гүлденуін қамтамасыз ету үшін арнайы мекеме құру жөнінде ұсыныс айтты.

Мұнан соң Алакөл, Панфилов қоғамдық кеңес төрағалары атқарған жұмысын таразыласа, көпшілік атынан сұранып Толыбек Данабеков жабайы сауда мәселесін көтерді. Айтуынша, қаланың экологиялық-санитарлық ахуалын мүшкіл күйге түсіріп тұрған базарды қала сыртына шығару күн тәртібіндегі мәселе екен.

Спикерлердің әр ұсынысын жіті қадағалаған аймақ басшысы мәселелерді шешу жолдарын таразылап, жалпы қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіруге қажетті ұсыныстарын ортаға салды. Бейбіт Исабаев базар мәселесін өзіне дейінгі 3 облыс әкімінің шеше алмағанын, қазір осы күрмеуді қала тұрғындары демократиялық жолды таңдап шешу керегін алға тартты. Қаратал өзенінің табанын қазу мәселесін Ескелді ауданы, Шымыр ауылының тұрғындары көтеріп, бүгінде «Али Бастау» серіктестігі жұмысын тоқтатқанын тілге тиек еткен аймақ басшысы тіршілікке нәр берген өзеннің табаны құрғап, аңқасы кеппес үшін жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. 10 сотық жер беру мәселесін шешу үшін Талдықорған қаласы маңынан 9 мың гектар жер қарастырылуы керек екен. Ал мұндай мүмкіндік қазір жоқ. Есесіне қаланың келбетін қалыптастыратын көпқабатты тұрғын үйлер салуды қолға алып, баспана қажеттілігін азайту жолға қою мәселесін шешу аса маңызды. Сонымен қатар, аймақ басшысы әрбір баланың балалық шағы сәтті өтуі үшін лагерь салу мәселесі де шешілетінін жеткізді.

– Кеңестер жаңа әлеуметтік – қоғамдық институт болғандықтан негізгі міндет – қоғамдық кеңестер қызметіне деген халықтың сенімін арттыру. Бұл тұрғыда, қоғамдық кеңестер жүйелі түрде азаматтарды қабылдауды практикаға енгізуі қажет. Сонымен қатар, қоғамдық кеңес отырыстарының күн тәртібі де, азаматтармен көтерілетін мәселерге байланысты құрылуы керек. Қазіргі таңда ақпараттандыру – кез келген қызметтің негізі саналады. Өкінішке қарай, Қоғамдық кеңестер қызметі жөнінде қоғамға кеңінен ақпарат тарату мәселесі әлі тиісті деңгейде емес. Яғни, бұқара халықтың басым көпшілігі қоғамдық кеңестердің қызметі, мақсаты, міндеті туралы толық ақпараттанып отырған жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік желі – ақпараттындырудың негізгі көздерінің бірі. Сондықтан қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік желілерді қажеті мен қисындылығына сай ұтымды пайдаланса еш артық етпейді, - деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Жиын соңында қоғамдық кеңес жетекшілері, қоғам белсенділері жүктелген міндеттерді орындауға уағдаласып, жаңа жылдан жаңашылдықтар күтетіндерін жеткізді.

Дастанбек САДЫҚ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай