Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Жаңа жылмен құттықтауы

Уақыты: 31.12.2023
Оқылды: 709
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Құрметті Жетісу облысының тұрғындары!

Жаңа 2024 жылмен құттықтауымды қабыл алыңыздар! 

Әдетте Жаңа жыл қарсаңында өткенімізді қорытындылап, болашаққа жоспар құрамыз. Біз 2023 жылы өздеріңізбен бірге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтеруде елеулі табыстарға қол жеткіздік. Жетістіктеріміздің бәрінде сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бар екенін мақтанышпен айтып, баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Құрметті жерлестер!

Санаулы уақыттан кейін 2024 жылдың табалдырығын аттағалы тұрмыз. Жаңа жылдың табысты, мерейлі болуы ең алдымен өзімізге байланысты. Алдымызға қойған мақсат-міндеттерді жауапкершілікпен, еліміздің болашағына, бір-бірімізге және өз күш-жігерімізге деген берік сеніммен жүзеге асыратын боламыз. 
Жаңа жыл әр шаңыраққа жақсылық, молшылық, береке әкелсін. Игі армандарыңыз орындалып, ортамыз қуанышқа толсын!    

Мерекені отбасында, жақындарыңызбен бірге қарсы алып, бақ-берекеге кенеле беріңіздер. Сіздерге мықты денсаулық, толайым табыс тілеймін. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!