Халық мұрасы

Уақыты: 30.12.2023
Оқылды: 888
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жерге қатысты әрбір жұмыстың жүйелі, нақты атқарылғаны маңызды. Жер дауы орын алмас үшін облыстық жер қатынастары басқармасы   2023 жылды жақсы қорытындылады деуге толық негіз бар. 

Жетісу облысы бойынша 2023 жылы мемлекет меншігіне 220 мың гектар пайдаланылмаған немесе мақсатына сай пайдаланылмаған жерлерді қайтару жоспарланған. Ағымдағы жылдың басынан бастап кадастрлық құны 1 миллиард теңгені құрайтын 502 учаске немесе 246 575 гектар жер анықталған. Ол Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Сарқан, Панфилов аудандарында анықталған. Игерілмеген жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жоспар 112%-ға орындалды.

Ауыл тұрғындарының мал басын жаю үшін барлығы 755,3 мың гектар жайылымдық алқап бекітілген. Бүгінгі күні елді мекеннің жеке ауласындағы мал бастарын жаю үшін қайтарылған жерлердің ішінен 35,9 мың гектар жайылым берілді. Оның ішінде Ескелді ауданынан 4,5 мың гектар, Қаратал 18,1 мың, Көксу 10,2 мың және Панфилов 3,1 мың гектар жер шаруа иесінің пайдасына жаратылады. Бұған қоса, келесі жылы жайылымдарды басқару жоспарына сәйкес 50 мың гектар жер қайтарылады. 

2023 жылы босалқы жер қорынан 50 мың гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурс арқылы табыстау жоспарланды. Жыл басынан бастап ауылшаруашылығын жүргізу үшін жер учаскесіне құқық беру бойынша 23 конкурс өткізілді. Конкурста 141,3 мың гектар құрайтын 529 жер учаскесі табысталды. Жылдық жоспар 282% орындалды.

2024 жылы босалқы жер қорынан 68 мың гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер конкурс арқылы табысталады.

Жер қатынастары басқармасы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығы негізінде мемлекеттік қызметтер «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы арқылы көрсетеді.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіміне сәйкес жер қатынастары саласында ағымдағы жылы 22 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Есепті кезеңде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына шағымдар болған жоқ. 

Облыс орталығында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда, кенттер мен ауылдық елді мекендерде жер учаскелерiн жекеменшiкке берген кезде олар үшін төлемақының базалық ставкаларын белгілеу туралы бірлескен облыстық мәслихат шешімі мен облыс әкімдігінің қаулысы қабылданды. Бір қолда көп көлемде жер болмау мақсатында ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшері белгіленді. Демек, енді облыста игерусіз қалған жердің барлығы да мақсатқа сай халық игілігіне беріледі. Бұл жұмыс алдағы жылы да басты бақылауда болады. 

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: dshk.kz