«...ДЕГЕН ЕКЕН!»

Уақыты: 04.01.2024
Оқылды: 588
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаңа жылдан бастап газетімізде «Тұрлымбеттің отауы» айдарымен әзіл-оспақ бұрышы жарық көріп тұрмақ. Соған орай оқырманға «...деген екен!» орайындағы алғашқы әзіл-оспақ топтамасын ұсынамыз. 

Қуды екен деп...

Алматыда якут-саха әдебиетінің күндері өтіп, Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде дастарқан жайылады. Әріптестер бір-бірімен әзілдерін жарастырып арқа-жарқа болып отырғанда саха меймандардың бірі сөз алып: 
– Біз ежелден қанымыз да бір, шыққан тегіміз де бір туысқан халықпыз. Мына ұлан-ғайыр далаларыңызда ұжымымыз жарасып, бірге ғұмыр кешкен кездеріміз болған. Бірақ сендер, қазақтар, бізді осы кең далаға сыйғызбай қуып тастағансыңдар! – деп үлкен өкініш-өкпе сияқты ойын айтады. 
Достық көңілдің дастарқанында мұндай сөздің айтылғанына екі жақтың да адамдары ыңғайсызданып қалады. Сол кезде Қалтай Мұхамеджанов отырып: 
– Ау, бауырым-ау, ағайын арасында өкпе-наз деген бола береді ғой. Бірақ, өздеріңде де бар, қуды екен деп сонша алысқа қаша бере ме екен?! – десе керек. 

Жерге қаратқан ұрпақ

Өткен  ғасырдың   90-жылдарының   басы  болса керек. Нарықтың  шөміштен қысып тұрған кезі. Халықтың әл-ауқаты төмен. Зауыт-фабрикалардың  бәрі  жекешеленіп, жұрттың  бәрі  базар  жағалап  кеткен. 
Бір күні «Зерде» журналының бас редакторы Әшірбек Амангелдиев ойға шомып, төмен қарап, Жібек жолы көшесінің бойымен келе жатады. Оның алдынан  белгілі сатирик-жазушы  Қажытай  Ілиясов  шыға  келеді. 
– Әй, Әшірбек, саған не көрінді? Төмен қарап келе жатырсың ғой, – дейді Қажекең  салған  жерден. 
Сонда  Әшекең: 
– Сіздер  ғой – аға  ұрпақ,  бізді  жерге  қаратып  кеткен, – деген  екен. 
Тағы бірде... Тағы  да  сол Қажытай Ілиясов пен Әшірбек Амангелдиев көшеде жолығысып  қалады. Іні  болғаннан  кейін  ағаға  ізет  көрсетіп  Әшекең: 
– Ассалаумағалейкум, Қажеке, көрінбейсіз ғой, – деп екі қолын созып, ықылас  таныта  амандасады. 
– Сен  мені  Алатау деп пе едің күнде көрінетін? – дейді Қажекең бұра сөйлеп. 
Сөзден  тосылып, есе  жібере  қоятын  Әшекең бе: 
– Қажеке, мен сізді аға көріп, тау көріп жүрмін. Төбе болсаңыз, амандаспас едім ғой, – деген екен. 

Жұмыссыз емессің бе?..

Парламент Мәжілісі тарағаннан кейін бір үйде қонақта отырған бұрынғы депутат Бекболат Тілеухан: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай дәл айтқан. Сол замандағы Абай атамыздың сөзі қазіргі біздің жұмыссыз жүрген жастарымызға айтылған сияқты» деп өз пікірін ортаға салып отырады. 
Сонда қонақтардың арасында тыңдап отырған Жүрсін: «Бекболат, сен осы қазір жұмыссыз жүр емессің бе?», – депті түк білмегендей.

Кісі ақысын жегеннен жақсы...

– Осы күнгі ақын-жазушылар жазғандарын жарыққа шығара алмай, шығарса кітабын өткізе алмай өздері сатып жүрген жоқ па? – депті бір байшыкеш аткамінер. 
Сонда Баянғали ақын: 
– Әйтеуір кісі ақысын жегеннен гөрі тәуір ғой, – деген екен.

Баяғыда айтып қойған...

Белгілі айтыс ақыны Шорабек Айдаров көптен көрмей сағынысып қалған досы Есенқұл Жақыпбековтің үйіне келе қалады.
Амандық-саулық сұрасып болмай жатып Есенқұл алдында жатқан кітабын мақтай жөнеліпті. «Менің нағашы жұртым мықты ғой, қалай баюдың жолдарын айна-қатесіз көрсетіп, тәптіштеп жазып қойыпты. Керемет кітап екен, көп нәрсеге көзімді ашты. Бұдан былай баюдың жолына түсетін шығармын», – деп Есағаң желдей еседі. 
Сонда Шорабек:
– Сол да жаңалық болып па? Қалай баюдың жолын қазақ атаң баяғыда-ақ айтып қойды емес пе? «Артын қысқан бай болады» деген сөзді естімеп пе едің?! – деген екен.

Дайындаған Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ
Фото: anatili.kazgazeta.kz