Ел болып күресуіміз керек

Уақыты: 06.01.2024
Оқылды: 673
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген көлемді сұхбатын толық оқып шықтым. Ондағы айтылған жайттарды тек бізде ғана емес, тіпті, шетелдік сарапшылар да қызу талқылауда. Сұхбатта Қазақ-станның бүгіні мен ертеңіне қатысты өте маңызды тақырыптар қозғалды.

Әсіресе зорлық-зомбылыққа қатысты қозғалған мәселе ешкімді де бейжай қалдырмады. Қоғамдағы өте өршіп тұрған келеңсіз жайт талай отбасыға кері әсерін тигізуде. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалар қауіпсіздігі, олардың келешекте ешбір қауіп-қатерсіз өмір сүруі үшін барлық қажетті шара іске асуда. Сұхбатта Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек. Біз заңсыздық пен қатыгездікке біркісідей батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ, қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек», – деді. 

Яғни, мұндай мәселе туындап жатса, назардан тыс қалдыруға болмайды. Мейлі, ол сіздің көршіңіз немесе көшедегі кездейсоқ адам болсын, зайырлы мемлекеттің азаматы ретінде көмек қолын созу қажет. Ел ертеңі жолында аянбай еңбек етіп, бір үйдің баласындай береке-бірлік танытуға тиіспіз. Сұхбатты оқып шыққан әрбір адам менің пікіріммен толық қосылады деп ойлаймын. Ел іргесі берік болсын!

Қанат Маратұлы,
дінтанушы-психолог

Фото: strategy24.ru