БАСПАНАЛЫ БОЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Уақыты: 07.01.2024
Оқылды: 615
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Баспана – қоғам назарындағы басты мәселенің бірі. Оның орынды шешілуі алдымен халықтың тұрмыстық деңгейін жақсартса, екіншіден, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстың нәтижелі екенін көрсетеді. Халық тұрғын үйге мұқтаж. Сондықтан да мемлекет елімізде тұрғын үй құрылысын дамытудың бірыңғай моделін әзірледі. Үй кезегінің мәселесін шешу үшін «Отбасы Банк» толыққанды нәтижелі жұмыс істеп келеді. «Отбасы Банк» жұмысының негізгі қағидаты – халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Елдегі нарықта ипотекалық бағдарламалар көбейді. Алайда бұл жайлы көпшілік толыққанды біле бермейтіні анық. Сондықтан да баспаналы болудың мүмкіндіктері мен басты қағидаттарын толығымен төмендегі мақаладан оқи аласыздар.

Әрбір қазақстандық баспаналы болуды армандайды. Ол үшін «Отбасы банкінен» депозит ашып, кемі 3 жыл ішінде көрсетілген соманы жинау керек. Мемлекеттік бағдарламаларға «kezekte.kz» сайтында тұрған азаматтар қатыса алады. Олардың қатарына жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, сондай-ақ, І немесе ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар, көпбалалы отбасылар, І немесе ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, жасы бойынша зейнеткерлер, қандастар, экологиялық апаттар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде баспанасынан айырылған адамдар, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындау, әскери қызмет, оқу-жаттығу немесе ғарыш кеңiстiгiне ұшу, адам өмiрiн құтқару, құқықтық тәртiптi сақтау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары, толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және сайланбалы мемлекеттік лауазымдарды атқаратын адамдар, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қауіпті деп танылған тұрғын үйі бар Қазақстан Республикасының азаматтары кіреді. 

КЕЗЕКТЕН ТЫС БАСПАНА КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?

Есепте тұрғандар қатарынан баспанаға мұқтаждарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан кезексiз тұрғын үй беріледі. Оны табиғат апаттарының салдарынан баспанасы тұруға жарамсыз болып қалғандар, мемлекеттiк балалар мекемесiнен, туған-туысқандарынан, қорғаншысынан немесе қамқоршысынан қайтып оралғандар алады. Қылмыстық iстiң тоқтатылуына байланысты үкімнің күші жойылуы нәтижесінде жазаны өтеуден босатылған, заңсыз сотталу салдарынан тұрғынжайынан айырылған адамдарға бұрынғы тұрғынжайын қайтару мүмкіндігі болмаған кезде, егер тұрғынжай беру туралы талап ақталғаннан кейін бір жылдың ішінде мәлімделсе, кәмелетке толғанға дейiн ата-анасынан айырылған 20 жасқа толмаған жетiм балалар кезексіз алады. Еңбек шартынан туындайтын мемлекеттiк мiндеттемелер әсерiмен тұрғын үй берiлуге тиiстi не бұрынғы шаңырағын пайдалану мүмкiндiгiнен заңсыз айырылған адамдар, бұрынғы үйі өздерiне сақталмайтын жағдайда, егер бұл басқа жерге көшумен байланысты болса, сайланбалы мемлекеттiк қызметке сайланған адамдарға берiледi.

ЖЕТІСУДА ОРЫНДАЛҒАН БАҒДАРЛАМАЛАР

• ЖАСЫЛ ИПОТЕКА.  Бұл «жасыл стандартқа» сәйкес келетін, нысаннан тұрғын үй сатып алуға берілетін банк заемы. Яғни,  «Аманат» тұрғын үйі  ұлттық өмір стандарттарына сәйкестік сертификатымен салынады. 6 айдан 25 жылға дейін беріледі. Аталған бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 12,5%-ды құрайды. Бағдарлама бойынша баспана алу үшін 20% бастапқы жарна төлеу қажет. Дәл осы бағдарлама негізінде Талдықорған қаласы бойынша «Қаратал» ықшамауданы, Шоқан Уәлиханов көшесі 2/1 мекенжайында тұтастай газдалған блоктан  заманауи «Аманат» тұрғын үйі салынуда. Тұрғын үй ғимараты жайлылық пен заманауилықтың жаңа стандарттарын ұсынатын жоғары сапалы құрылысымен, тартымды дизайнымен ерекшеленеді.

• 50/50  Тұрғын үй заемы. Кредиттік бағдарлама. Отбасы банкінің ипотекалық тұрғын үй қарызы. Жылдық мөлшерлеме 3,5% – 5%. Кепілдікке сатып алатын үйді қоя алады. 6-25 жылға дейін несиелендіруге болады. 

• ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА. Мемлекеттік бағдарламасы жоғары оқу орнын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыздандыру, мәдениет және спорт, ветеринария мамандықтары бойынша аяқтаған жас мамандарға таптырмас мүмкіндік беретін бірден-бір бағдарлама. Оларға 70 АЕК мөлшерінде бір жолғы көтерме жәрдем- ақы, 1500 АЕК мөлшерінде 0,01% жәрдемақы мөлшерлемесімен 15 жыл мерзімінде тұрғын үйді сатып алу және құрылыс жүргізу үшін бюджеттік кредит беріледі. Бағдарламаға қатысу үшін үміткер:

• таңдаған елді мекенде (ауыл мектебі, аурухана, Мәдениет үйі, спорт кешендері және т.б.) жұмысты өздігінен іздей алады;

• жұмысқа қабылдану кезінде аудандық комиссияға өтініш жібереді;

• жұмысты өздігінен іздеу мүмкіндігі болмаса, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі немесе өңірлердегі жауапты мекемелердің көмегіне жүгіне алады;

• өңірлерде кадрлардың қажеттілігі туралы деректер облыстық әкімдіктердің сайтында көрсетілген.

Жетісу облысы бойынша «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде 147 несие 748 735 000 теңге берілді.

• «ЖЕТІСУ ЖАСТАРЫ». Бағдарламаға қатысушы банкке  іріктеуге әкімдік жолдамасын алған қатысушы қатыса алады. Қарыздың ең көп сомасы 10 миллион теңге. Бастапқы жарна қарыз сомасының 10%-ы. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5%.  Сатып алынатын тұрғын үй Жетісу облысы бойынша пайдалануға берілген  «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі бар үй болуы шарт. Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талап та жоқ емес. 

1. Өтінім берушінің жасы 35-ке толмаған;
2. Қазақстан Республикасындағы меншiк құқығындағы тұрғын үйдiң болмауы және соңғы 5 жыл iшiнде иелiктен шығару фактiлерi тіркелмеген;
3. Қазақстан Республикасының аумағында сатып алу және бөлісу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй болмауы;
4. Міндетті зейнетақы жарналарымен расталған Талдықорған қаласында 1 жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы;
5. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуінің ғана қатысуы тиіс; 
6. Банк талаптарына сәйкес келетін жылжымайтын мүлік түріндегі қосымша қамтамасыз етудің немесе кепіл жеткіліксіз болған жағдайда қосымша мүліктің болуы шарт; 
7. Талдықорған қаласының жергілікті атқарушы органында кезекке тұруы тиіс; 
8.    Отбасының әрбір мүшесінің жиынтық табысы 3,1 ПМ аспауы керек.
Аталмыш бағдарлама бойынша Талдықорған қаласы әкімдігімен облыстық «Отбасы Банк» филиалымен 400 000 000 теңге бойынша келісімшартқа қол қойылған. Нәтижесінде 31 несие, яғни, 303 864 000 теңге берілген. Қалған 96 136 000 теңге игерілуде. Сонымен қатар, 500 000 000 теңге сомасында келісімшарт пен несиелік келісімге қол қою жұмыстары жүргізілуде.


НЕСИЕ АЛУДЫҢ ЕҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ:
1. «Отбасы банкінен» депозит ашу;
2. Бар болғаны үш шартты орындау:
3. Депозитте кемінде үш жыл бойы ақша жинау;
4. Қажет соманың жартысын жинау (50%);
5. Бағалау көрсеткішін кемінде 16-ға жеткізу.
Бұл заемға пәтер сатып алуға, үй салуға, құрылыс жұмыстарын жүргізуге, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға болады. 
Аталған шарттарды АСЫРА орындасаңыз, яғни үш жылдан ұзақ жинасаңыз, заем мөлшері төмендейді. 


САЛЫМШЫНЫҢ МІНДЕТІ ҚАНДАЙ?

Салымшы депозитті толтыру барысында ерікті, яғни ай сайын толтыруға немесе бір сәтте соманы құюына болады. Бірақ, мұнда бағалау көрсеткішіне назар аударған жөн. Бағалау көрсеткішінің жылдық 3,5% – 5% мөлшерлемемен несие рәсімдеу үшін депозиттің дайындық деңгейінің көрсеткіші жақсы болғаны жөн. Тұрғын үй заемын ресімдеу үшін бағалау көрсеткішінің ең төменгі мәні – 16 болуы маңызды. Бағалау көрсеткішінің мәні неғұрлым жоғары болса, тұрғын үй заемы бойынша мөлшерлеме соғұрлым төмендейді.

Салымшының міндеті – депозит ашылғалы ай сайын үзбей белгілі бір соманы депозитке кемінде 3 жыл  салып отыру. Иә, депозитті жабу кезінде салым бойынша есептелген сыйлықақы мөлшерлемесінің жылдық 2%-ы салымшыға тиесілі. Есептелген мемлекеттік сыйлықақы депозиттің жинақтау мерзімі 3 жылдан аз болмаса төленеді. Мемлекет сыйлықақысы жыл сайын күнтізбелік жыл қорытындысы бойынша береді. Қаражат әр жылдың басында барлық депозиттерге бір уақытта аударылады. Жыл соңына дейін 200 айлық есептік көрсеткішке тең қаражат жиналса, ең жоғарғы мемлекет сыйлықақысын алуға мүмкіндік болады. Мемлекет сыйлықақысының көлемі – жинақ сомасының 20%-ы. 

Бір салымшыда бірнеше тұрғын үй құрылыс жинақ шоты болуы мүмкін, алайда мемлекет сыйлықақысы соның тек біреуіне ғана аударылады. Мемлекет сыйлықақысы тек ҚР азаматы болып табылатын адамның ғана шотына беріледі. Егер бір жыл ішінде жинаған ақшаңыз 200 АЕК-тен асып кетсе, онда мемлекеттік сыйлықақы берілмеген жинақ ақшасы келесі жылы ескеріледі. Мемлекет сыйлықақысы аралық және алдын ала заемдар алу кезінде кепіл болып саналатын депозиттерге де беріледі.

ТҰРҒЫН ҮЙ НАРЫҒЫНДАҒЫ БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚ:

«Отбасы Банк» пен Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісім аясында 1 желтоқсаннан бастап ғалымдардан несие алуға өтініш қабылдануда.

Бағдарлама ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарына 5 жыл бойы қолжетімді шарттармен баспана алу мүмкіндігін береді. Баспананы жаңа немесе қолданыстағы тұрғын үйлерден сатып алуға болады. Кредиттің жылдық мөлшерлемесі – 5%. Алғашқы жарнасы 10%-дан 50%-ға дейін болады. Бағдарлама қатысушысына берілетін ең жоғары қарыз сомасы – 20 миллион теңгеге дейін.

«Жасыл ипотека» бағдарламасы аясында да несие алу мүмкіндігі бар. Оның ең жоғары сомасы 35 миллион теңге. Несие бойынша жылдық мөлшерлеме 8%. Алғашқы жарна  20%-дан 50%-ға дейін. Бағдарламаға қатысатын ғалымдардың жасы 40 жастан аспауға тиіс. Оның және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда баспанасы болмауы керек. 2024 жылдың 2 ақпанында «AQUL» депозиті ашылады. 

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: a-advokat.ru