Жем-шөп қоры жеткілікті

Уақыты: 10.01.2024
Оқылды: 613
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Керұлақ ауданның барлық аймағында жем-шөп қоры жеткілікті дайындалып, қора-жайлар жөндеуден өткізілді.

Аталған өңірдегі малшылардың қыс мезгіліне дайындығы қалай?

Осыған байланысты аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәлімтке назар аударайық. Өңірде биыл 9 998 бас ірі қара, 55 500 қой-ешкі, 5 945 бас жылқы қыстатылуда. Жалпы ауданда 225 мал қыстауы бар. Бұл орындардың көбі Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Сарыесік атырау, Жоламан алқабы, Қарашоқы, Сарыбастау, Шанханай және Басши ауылдық округінде орналасқан.

Негізінен қыстаулардағы мал қыс бойы жайылымда жайылады. Жоғарыда аталған мал азығы қоры қосымша азық ретінде және қатты боранды күндері пайдаланылады. Қыстауларда мал суаруға толық жағдай бар. Барлық қыстау суаттар және құдықтармен қамтамасыз етілген. Қосымша құдық қажет ететін шаруа қожалықтары мен құдық қазып, су шығарып беретін арнайы лицензиясы бар кәсіпорындар арасында байланыс орнатылған. Орташа мал қыстату мерзімі 120 күнді қамтиды.

Алдын ала атқарылған шаралардың нәтижесінде бұл науқан қалыпты өтіп жатыр. Барлық малшы өз қыстауларына көшіп, мал қораларын жөндеп, қыстақ басына дайындаған шөбін үйіп, қапысыз қамданыс жасаған. Жем-шөптің қоры жеткілікті.

Айгүл Байжұмақызы
Кербұлақ ауданы
Фото: sib-agro.com