Қытайлық инвесторлар енді Алакөл ауданына зауыт салады

Уақыты: 15.01.2024
Оқылды: 713
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алакөл ауданында биыл дәнді дақылдар 45,970 га, майлы дақылдар 22,674 га, қызылша 0,077 га және көкеніс 0, 525 гектар алқапқа себілді.

Қытайдың Боро-Тала қаласынан келген инвестор «JIN SHI» ауылшаруашылығы корпоративтік серіктестігімен Алакөл ауданындағы 340 гектар жерге заманауи тамшылатып суару технологиясын қолданбақ.

Жалпы, Алакөл ауданында 31 мың гектар суармалы жер бар. Жоба аясында алдағы 3 жылдың ішінде 3 мың гектар жерге 57 ұңғыма қазылып, пилоттық жобада жұмыс атқарылатын болады. Қазылған 3 мың гектар жерге «JIN SHI» ауылшаруашылығы корпоративтік серіктестігімен бірігіп, тамшылатып суару әдісі толығымен енгізіледі.

Қазіргі таңда су мәселесі өзекті болып тұр. Сондықтан да суды үнемді әрі тиімді пайдалану - өте маңызды.
Осы мақсатта, Алакөл ауданының әкімдігі және «BOLAT GROUP LTD» ЖШС бірлесіп, «Жетісу облысының Алакөл ауданына қант қызылшасын, соя мен жүгеріні астыққа өсірудің иновациялық технологиясын енгізу және зауыт салу» инвестициялық жобасын іске асыру шеңберінде инвестор «JIN SHI» серіктестігімен 15 жылға меморандумға қол қойылды. 

Меморандум аясында атқарылар жұмыс жоспары да ауқымды. Келісімшарт мерзімі 15 жылға созылатындықтан, алдағы уақытта екі зауыттың құрылысын жүргізуді жобалап отыр. Айта кетсек, бірі - тамшылатып суару әдісінің құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт болса, екіншісі- өнімдерді кептіруге арналмақ. 

Екі ел арасында іске асатын жоба аясында 30-ға жуық қазақстандық мамандар оқытылып,  нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етілетін болады.

"Жетісу-Ақпарат"