Жабы ат арғымаққа жалымен тең

Уақыты: 15.01.2024
Оқылды: 535
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақ халқы төрт түлік ішінде әсіресе, жылқы өсіруге айрықша ден қойған. Оның дертке шипа еті мен қымызы да жоғары бағаланады. Бабаларымыз жылқыны қастерлеп, оны жеті қазынаның бірі деп таныды. Олар ұланғайыр қазақ даласын да ат үстінде жүріп қорғаған. Сондай-ақ, оны күтіп-баптап, тұқымын асылдандырып отыруды да парыз санады. Өйткені одан бағалы ет, сүт өнімдері өндірілсе, оның терісі де қажетке жаратылды. Мұндай үрдіс қазір қайта жанданып, жалғасуда.

Жалпы, жылқы бағу оңай шаруа емес. Жылқышылық кәсіпті күш-қайраты мықты, ерік-жігері күшті жігіттер ғана атқара алады. Сондай азаматтың бірі Ақсу ауданында тұрады. Ол таза қанды Жабы жылқысын өсіре бастады. Қазақтың асыл тұқымды жануарын Талап Нығметбек көбейтіп отыр. Айта кетейік, Жабы жылқысы еті мен сүті үшін бағылады. Жайылымда жақсы семіреді. Сүті мол, қымызы дәмді әрі шипалы, етті көп береді, қазысы ерекше көзге көрінетін және айналдыруға ыңғайлы. Сондай-ақ, ол мініске көнбіс, мінезі жайлы, төзімді келеді. Климаты күрделі жағдайларға жақсы бейімделген. Сондықтан бұларды тек күнделікті тұрмыста ғана пайдаланған. Сол себепті халқымыз дәл осы төрт түлік төресіне ежелден-ақ басымдық берген. Жабы жылқыларының тұқымы осынысымен де ерекшеленеді.

Талап Нығметбек асыл тұқымды жылқыны асылдандыруды 6 жыл бұрын бастапты. Сол кезде ол еліміздің әр аймағынан таза қанды Жабы жылқысын әкеліп, үйірге салып, ғалымдармен бірлесе селекциялық жұмыстарды жүргізген. Қазір де солай. Шаруашылық жетекшісінің айтуынша, олар қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу институтының селекционер ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Нәтижесінде үлкен жетістікке қол жеткізілуде. Әсіресе, санға емес, сапаны көтеруге айрықша мән беріледі. Сондай-ақ, ғылым докторы, академик Ғабиден Бақтыбаев есімді азамат та жылқы сапасын көтеруде көп жұмыс атқарған.

Тұқымы асыл мал жақсы төлдейді. Таңдаудың Жабыға түсуі тегін емес. Өйткені, ол өзге жылқыларға қарағанда күй талғамайды. Қыс бойы тебіндеп, жайылып шығады. Яғни, жем-шөпке көп шығын кетпейді. Аязға да шыдамды. Асыл тұқымды жануардың төзімділігін жылқышылар да байқаған. Жылқышы Азамат Исабаев олардың құлыны туғаннан өте төзімді келетінін, бірден аяғына тұратынын, қысқа қалай кіреді, солай шығатынын, жалпы жылқы күйінің жақсы екенін жеткізді. 

Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов өңірде өткен жылдан бастап үш шаруа қожалығының асыл тұқымды статусы бар екенін, биыл оны төртке жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Талап Нығметбекұлы асыл тұқымды жылқы шаруашылығы статусын алып, бие санын 500-ге жеткізбек. Содан кейін қазақтың ақбас сиырларымен қолдағы ірі қараны асылдандыруды көздеп отыр. Ол сондай-ақ, тағы бір таза қанды дөнен әкелген. Көктем шыға оны байталдарға қосып, жеке үйір етіп шығармақ.

Қазір облыста асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 200-ден аса ірі кәсіпорын бар. Мамандар селекциялық жұмыстың арқасында мұндай шаруашылықтар жыл сайын көбейеді деп үміттенеді.

Айгүл Байбосынова
Ақсу ауданы
Фото: konovod.com