Ақпаратты өзектендірудің маңызы

Уақыты: 16.01.2024
Оқылды: 407
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» филиалы өткен жылы 11 мыңға жуық азаматтық хал актілеріне өзгеріс енгізді. Ал осы жылдың алғашқы онкүндігінде 3 мың адам деректерді жаңартуға өтініш білдірген. Көбінесе қазақстандықтар отбасының құрамын растау және балалары туралы ақпаратты енгізу үшін түзетулер енгізеді.

Еске сала кетсек, биылдан бастап Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тап-сырмасы бойынша «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Ендігі ретте еліміздегі барлық бала Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігін алады. Осы ретте ата-аналар, қорғаншылар, қамқоршылар eGov.kz порталында азаматтық хал актілеріндегі балалар туралы мәліметтерді тексеруі керек.

Ақпаратты өзектендіру мүдделі тараптың өтініші бойынша жүзеге асырылады. Тіркеу жазбасы «АХАТ» ақпараттық жүйесінде болған жағдайда  қызметті беруші тарап 2 жұмыс күні ішінде өзгерістер енгізеді. Аталмыш ақпараттық жүйеде түзетулер үшін негіз болатындай жазбалар болмаса қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күніне дейін ұзартылады.

Сонымен қатар, маңызды хабарламалар мен әлеуметтік қызметтерді уақытылы алу үшін мемлекетті отбасыңыздың құрамы туралы хабардар ету қажет. Толық және дұрыс мәліметтер базасының арқасында мемлекет бүкіл ел бойынша жеке, нақты демографиялық мәліметке ие болды. Бұл инфрақұрылымды – балабақшаларды, мектептерді, ауруханаларды дамытуды жоспарлауға және әртүрлі әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Ақбота Оқасова,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»  КЕ АҚ
Жетісу облыстық филиалының PR менеджері