Талдықорғанда 1 мыңнан астам абонент газға қайта қосылды

Уақыты: 19.01.2024
Оқылды: 564
Бөлім: КҮНДЕРЕК

18 қаңтар күні сағат 22:30-да белгісіз адам газ құбырының қақпағын сындырып, жоғары қысымды жерасты газ құбырын жауып тастап, соның салдарынан Талдықорған қаласының "Көктал", "Шығыс" шағын аудандары мен Еркін ауылының 3 мыңнан астам абоненті көгілдір отынсыз қалған болатын. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Атап өтер болсақ, әлеуметтік нысандар алғашқы 2 сағаттың ішінде резервтік жылыту көзіне қосылды. Қазіргі кезде 1 мыңнан астам  абонент көгілдір отынға қосылды. Бұл газсыз қалған абоненттердің жалпы санының 30% құрайды.

Апат болған сәттен бастап қала бойынша Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, Талдықорған қаласы әкімдігінің, "ҚазТрансГаз" АҚ, "ИнтерГаз Орталық Азия", "Жетісу Газ сервисі" және құқық қорғау органдарының қызметкерлері дамылсыз жұмыс жүргізуде. Жөндеу бригадалары тұрғын үйлерді газға кезең-кезеңімен қосу үшін аулаларды аралауда.

Апаттық қызмет келгенге дейін бөгде жағдайларды болдырмау үшін барлық газға қосылған құрылғыларды тоқтатып қоюды және бұрамаларын жабуды сұраймыз.

Құрметті талдықорғандықтар!

Қалпына келтіру жұмыстары бүгін кешке дейін аяқталады. Орын алған жағдайға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.

Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы