Жетісу облысында еңбек бұзылыстары орын алған

Уақыты: 07.02.2024
Оқылды: 516
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында еңбек бұзылыстары көбіне білім беру, денсаулық сақтау және құрылыс саласында орын алған. Аталмыш көрсеткіш былтыр аймақтың еңбек инспекциясы бойынша басқармасы жүргізген тексеру барысында белгілі болды. Азаматтарының  шағымдарынан кейін мамандар 60 тексеріс жүргізіп, 57 бұзушылық анықтады.

Мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Дәулетұлы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте:

- 2023 жылы ұйымдардың 34 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл сомасы 5 млн. теңге. Еңбек инспекторлары облыстық прокуратурамен және аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп 15 кәсіпорында 214 млн. теңге сомаға жалақы бойынша берешекті анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыстың 849 қызметкерінің берешегі өтеліп,  құқықтары қорғалды», - деп атап өтті.

Айта кетер жайт, былтыр облыстың ұйымдары мен кәсіпорындарында өндірістегі қызметкерлермен 32 жазатайым оқиға болды. Нәтижесінде 37 қызметкер зардап шегіп, оның ішінде 6 адам қайтыс болған.

- Басқарма  499  өтінішті тіркеді. Өтініштің негізгі бөлігі жұмыскерлердің конституциялық құқықтарына, ҚР Еңбек Кодексінің баптарын түсіндіруге, еңбек дауларына, жұмыс берушінің заңсыз әрекеттеріне, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына қатысты мәселелерді қозғайды, - деді Еркін Дәулетұлы.  

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында сұхбат берген спикер сөзінің соңында тұрғындардың еңбек қызметіне байланысты сұрақ  немесе арыз-шағымдары  болса, Жетісу облысының Еңбек инспекциясы бойынша басқармасына жүгіне алатынын жеткізді.

"Жетісу-Ақпарат"