ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Уақыты: 07.02.2024
Оқылды: 558
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Цифрлық технология дамыған сайын, қылмыс та түрленіп барады. Кейінгі кезде елді қарусыз тонап жүргендер көбейіп кетті. Облыс бойынша жыл басынан бері 26 адам интернет алаяқтардың арбауына түскен.

Атап айтсақ, Талдықорғанда 17, Алакөлде 5, Ескелдіде 2, Панфиловта және Сарқанда 1 адам алаяқтарға алданған. Көбінде қылмыс ұялы телефондарды қолдану арқылы жасалады. Алаяқтар банктік ақпаратқа қол жеткізу үшін азаматтардың қажетті жеке мәліметтерін алудың түрлі тәсілдерін қолданған.

Интернет алаяқтар көбіне адамдарға несие рәсімделгені туралы айтып, банк картасы бойынша мәліметтерді, карточка нөмірін, банк картасының артқы жағында орналасқан CV кодын айтуды сұрайды. Сонымен қатар, WhatsApp мессенджерімен қоңырауларды шалады. Өйткені WhatsApp қоңырауларын бақылау өте қиын. Интернет алаяқтық «Колеса», «Крыша», «OLX» интернет-сайттарын пайдалану арқылы да жасалады. «Инстаграмм», «Телеграмм», «Фейсбук», «ВКонтакте» сияқты әлеуметтік желілер  арқылы мүлікті сату туралы хабарландыруды жариялау кезінде де абай болыңыздар. Алаяқтар көбінесе қымбат заттарды өте арзан бағамен сататынын жариялап жұртшылықты арбауына түсіреді.

Қазіргі уақытта қылмыстың алдын алу үшін ішкі істер органдары түрлі шаралар атқаруда. ІІМ қылмыскерлердің алаяқтық әрекеттері туралы ескерту мақсатында SMS хабарламалар жібере бастады. Республиканың ішкі істер органдары азаматтарды сақ болуға және негізгі сақтық шараларын ұстануға шақырады.

Интернет алаяқтардың құрбаны болмас үшін ІІМ ұсынған мына ескертпелерге аса мән беріңіздер.

 Ешқашан банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің несие беру, мүлікті сату және ақшасын қауіпсіз шоттарға аудару немесе несие беру туралы телефон нұсқауларын орындамаңыз. Себебі, құқық қорғау органдары телефон арқылы арнайы операциялар жүргізбейді.

Пластикалық карталардың деректемелерін ешкімге хабарламаңыз. Аударымдар туралы түбіртектерді, тіпті банк, полиция қызметкерлері екенін айтқан тұлғаларға кодтар мен кодтық сөздерді және т.б. бермеуді талап етеміз.  Жеке деректерді белгісіз және тексерілмеген сайттарға және басқа салмаңыз. Тексерусіз алдын ала төлем жүргізбеңіз. Тауарды алғаннан кейін ғана ақшасын төлеуге келісуге тырысыңыз. Мұндай қызметтер мәселен Қазпоштамен көрсетіледі.

Күмәнді мәмілелер бойынша аударымдарды жүзеге асырмаңыз, ашық кіріс көзінсіз қаржылық схемалардан сақ болыңыз. Қолданбаларды орнату үшін тек ресми App Store, Play Market және т.б. пайдаланыңыз. Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек.

Банкинг қызметтеріне қолжетімділік беретін құпия сөздерді үнемі өзгертіп отырыңыз. Негізінде тұлғаларға өздерінің шоттарындағы ақша қозғалысын жиі тексеріп тұруды ескертеміз. 

Айдын ТӨРЕБЕКОВ,
ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және
арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің
Жетісу облысы бойынша департамент бастығы
Фото: buh.mcfr.kz