Елімізде алғаш рет ауыл мектептерінің оқушылары үшін республикалық олимпиада өтті

Уақыты: 08.02.2024
Оқылды: 557
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде оқушылардың қабілеттерін анықтауға, дамытуға бағытталған 50-ден аса зияткерлік-шығармашылық шаралар ұйымдастырылады. Оған 1,7 миллоннан астам оқушы қатысып келеді. Оқушылар республикалық пәндік олмипиадаларға ғана емес, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға да қатысып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде.

Бұл жайлы ҚР ОАМ Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында мәлім етті.

Оның айтуынша, биылғы оқу жылында елімізде тұңғыш рет Ауыл мектептері оқушылары үшін республикалық олимпиада өткізілді. Бұрын дәстүрлі өтетін республикалық олимпиадаға қатысып келген ауыл мектептері оқушыларының үлесі 15%-дан аспайтын.

Мысалы, өткен 2022-2023 оқу жылында  республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне барлық өңірлерден қатысқан 1631 оқушының тек 158-і ғана ауыл мектептерінің оқушылары болды және оның ішінен 42 қатысушы ғана жүлделі орынға ие болған еді. 

«Осы оқу жылында ауыл мектептерінен 9-11 сыныптарда оқитын 80 мыңға жуық  оқушы олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды. Аудандық, облыстық кезеңдерден сәтті өткен 740 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды, оның ішінде 334 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Олар «Дарын» орталығының онлайн мектебіне қабылданды. Ауыл олимпиадасы жүлдегерлері арасынан 69 оқушыға еліміздегі беделді университеттердің ректорлық білім гранттары табыс етілді», – деді спикер.