Сарыбұлақ асыл тұқымды қой зауытының тарихы

Уақыты: 13.02.2024
Оқылды: 773
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарыбұлақ асыл тұқымды қой зауыты 1944 жылдың 5 сәуірдегі кеңестік Халық комиссиялар кеңесінің №358 қаулысымен  бұрынғы Гвардия ауданы Ленин атындағы кеңшардың бөлімшесінен  құрылды. Оның негізі Ақсу ауданының Қопа ауылындағы қой кеңшарының адамдарынан қалыптасты. Содан бергі 80 жылдық тарихында Сарыбұлақ ауылы өңірдің өркениеті мен өсуінің барлық кезеңін бастан өткерді.

Кербұлақ аудандық мемлекеттік архивінен алынған деректерге назар аударсақ, «Сарыбұлақ» қой кеңшарының  алғашқы құрылған кездегі аумағы 130236 шаршы метр, 10 ұлт өкілінен тұратын 3027 тұрғыны болған. Кеңшар алғаш құрылғанда құрамына Қарағаш, Қазынсу, Сарыбұлақ, Шилісу ауылдары кіріп, Қарағаш орталық болған. Асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлініп, ет-сүт өнімін өндіру бағытында жұмыс істеді. 

Құжатта елді мекеннің алғашқы іргетасын қалаған,  Ақсу ауданынан қой айдап келіп, кеңшардың құрылуына аянбай қатысқан Мұхаметшәрі Иманбеков, Нұржәмилә Дәуренбекова, Бадыр Битебаев, Сара Битебаева, Кенжехан Өмірбеков, Шәлдібек Белгібаев, Әбітай Бектеміров, Омарбай Смағұлов, Сиязбек Қадыров, Мырзабек, Күнпая Мырзатаевалар аталады. Ал 1945 жылы  кеңшар директоры Сакиев, №1 ферманың меңгерушісі Сексембаев, бас мал дәрігері Берентаев, веттехник Сафина, №2 ферманың меңгерушісі Ысқақ Жолмырзаев, бас мал дәрігері Шалакин, веттехник Нұрумин болғанын да қор құжаттары нақтылайды. Сонымен қатар, құжаттардан 1945 жылдың 25 сәуіріндегі ақпарат бойынша кеңшардағы броньдалған әскери міндеттілер, арнайы қоныс аударушылардың тізімінде  кездестіруге болады. 

Ветсанитар, тыл ардагері Мафруза Яруллақызы Сафина, Есжан Ысқақов, Аққозы Солтанбеков пен зайыбы Жамалкия Солтанбекова, Шынасыл Төребеков, Ұлтай Оразбаева, Нұрланбек Рүстембеков, Нұрихан Рүстембекова, Сазанбай Бектілеуов, Қажыбай ата, Серікбай Байсалақов, Ермұханбет Сексенбаев, Мұсабек Тазабеков, Құлмұқан Сенбаев, Ділдәбек Садықов, Сәтия Енсебаева, Естай Қарасаев, Игібай Байқадамов, Дегенбай Бестереков, Болат Байқадамов, Әсембай Белгібаевтар 1949 жылы отбасымен Балқаш ауданынан көшіп келіп, ауыл тұрғындарының санын еселеп, шаруашылықтың дамуына мол үлес қосты. 

Асыл тұқымды қой шаруашылығын өркендеткен кеңшардың даму жолында тер төгіп, еңбек еткен аға буындар көп болды. Зауыт көрсеткішкері үшін республика одақтың ауыспалы Қызыл Туымен үнемі марапатталды. Осы тұста аға шопандардың атқарған ерен еңбегі елеусіз қалмады. Ұжым КСРО Халық шаруашылық жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) медалін иеленсе, Социалистік Еңбек Ері Дүйсенбай Мақанов 1961 – 1973 жылдары кеңшар директоры қызметін атқарды. №1  ферманың меңгерушісі Сейіткерім Бектеміров, атақты шопандар Батқолда Акимбаев, Мұхаметшәрі Иманбеков, Қанапия Рахимжанов, Есжан Ысқақов Ленин, Октябрь революциясы, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. 

Архив құжаттарындағы деректерге сүйенсек, 1950 жылы «Сарыбұлақ» кеңшарының әкімшілігінде 24 адам қызмет атқарған. Ал 1971 жылғы мал санының есебінде: «қой 46791, сиыр 344, жылқы 713, түйе 633, түйетауық  2500 басқа өскен» деп көрсетілген. 1979 жылы Сарыбұлақ селолық кеңесі бойынша 4 кітапхана, 1 қызыл отау, 1980 – 1981 жылдары 640 орынды орта мектепте мыңға жуық оқушы білім алса, №1 фермада 150 орынды мектеп- интернаты мен 90 орынды балабақша жұмыс істеген. 

Талдықорған облысы Алматы облысының құрамына бірде қосылып, бірде бөлінген сайын «Сарыбұлақ» кеңшарының да әкімшілік құрылымы сан өзгерді. 1973 жылдың 25 желтоқсанында Талдықорған облысы, Кербұлақ  ауданы құрылған кезде Сарыбұлақ ауылдық округі деп аталып, Қарағаш ауылы орталық болып нақтыланады. 1988 жылдың 9 шілдесінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Талдықорған облысы, Гвардия  ауданы таратылып, оның жер аумағы Кербұлақ ауданына қосылып, орталығы Сарыөзек кенті болып белгіленген. 1997 жылы 22 сәуірде Кербұлақ ауданы Алматы облысының құрамына енгізіліп, 1997 жылдың 1 шілдесінен бастап Сарыбұлақ ауылдық округі атанып, орталығы Қарағаш  ауылы болып өзгерді. 2022 жылы Жетісу облысы құрылғанда Сарыбұлақ ауылы Кербұлақ ауданының құрамында қалды.

Сарыбұлақ ауылы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырауды, кейінгі жылдардағы қайта өркендеуді басынан өткерді. Айталық, ауылдық округте 2001 жылы 373 отбасы, 1991 тұрғын,  2004 жылы 332 отбасы, 2006 тұрғын болса, 2007 жылы бұл көрсеткіш 332 отбасы, 2089 адамға жеткен. Бүгінде 297 отбасы, 1605 адам тұрады. Округ орталығы Қарағаштағы ауылдық орта мектепте 176 бала оқиды.

Ауыл ақсақалдарының айтуынша «Сарыбұлақ» қой кеңшары алғаш құрылғанда 15 мың қой болса, кейін 100 мың тұяқтан асқан мыңғырған малы бар кеңшарға айналды. Мектеп-интернат, клуб, балабақша, монша, алма бағы ауылға сән берді. Мыңнан аса үй, бірнеше мыңдаған тұрғыны болды. Ауыл және мал шаруашылығы жұмыстарына пайдаланылатын  90-нан аса трактор, 100-ден аса машина, 56 комбайн, 22 «К-700»,  70 су таситын көлік, тағы басқа техникалар самсап тұратын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау кезеңінде қолда бар мүмкіндік  көзден бұлбұл ұшты. Дегенмен, ауыл азаматтарының береке-бірлігі, тынымсыз еңбегі, облыс, аудан басшылығының қолдап-қуаттауының нәтижесінде қазіргі ауылдың тынысы ашылып, тіршілігі түзеліп келеді.

Бүгінде ауыл толығымен электр жарығы, ауызсумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы Талдықорған–Алматы күрежолынан Сарыбұлақ ауылдық округінің орталығы Қарағаш ауылына дейінгі жолға асфальт төселіп, Қарағаш ауылынан Сарыбұлақ ауылына (2-ферма) электр жарығы жеткізілді. Спорт алаңы, балалар ойын алаңдары салынып, ауылішілік жолдар реттелді, пошта, медициналық пункт тұрақты жұмыс істейді. Былтыр ауыл әкімшілігі ғимаратының жанынан «Өлкетану» мұражай бөлмесі ашылып, онда ауыл тарихы мен тұрғындардың өткенінен сыр шертетін жәдігерлер жинақталды. Күн тәртібінде тұрған ауылды құм басу мәселесі бойынша жұмыстар атқарылуда. Ауылдастардың мал саны өсіп, жер емшегін еметін диқандардың жағдайы да, техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі де жақсара түсті. 

Айта кетерлігі, Сарыбұлақ ауылының іргетасы қаланғанға 80 жыл болды. Осыған орай «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы ұстанған ауыл азаматтары жыл басынан бері ауыл тарихын түгендеп, ауыл, аудан, облыстың құрылуы мен гүлденуіне тер төккен адамдардың үлесін жинақтап, тарихи-танымдық еңбек жазуды қолға алыпты. «Ауылдың барлық бет-бейнесі сол еңбекте көрініс табады» дейді бастамашыл азаматтар. Дегенмен, Сарыбұлақта туып, арман қуып, мақсат арқалап еліміздің әр аймағында қызмет етіп жүрген азаматтардың кейбірі осы игілікті істен хабарсыз көрінеді. Сондықтан азаматтар: «Туған ауылының өткені мен өрлігі, өзінің отбасы, жекебасына қатысты құнды ақпараттар болса,  saribulak_akimat@mail.ru электронды поштасына жіберсе» деген тілегін газет арқылы білдіре кетсеңіз деген еді. Біле жүріңіздер.

Қажет АНДАС
Сарыбұлақ ауылы,
Кербұлақ ауданы