СУ БАСУ ҚАУПІ ЖОҒАРЫ 31 ЕЛДІ МЕКЕН БАР

Уақыты: 17.03.2024
Оқылды: 430
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу таулы аймақта орналасқаннан кейін көктемде облыстағы құтқарушылар су тасқынына алаңдаушылық білдіреді. Биыл да «Қазгидромет» РМК-нің алдын ала болжамына сәйкес, наурыз айының соңында аймағымызда тәулігіне айлық нормадан артық жауын-шашын түсу ықтималдығы бар екені айтылды. Яғни, облыстағы қауіпті аймақта орналасқан елді мекендер құтқарушылардың қырағы назарында болуы тиіс. Осыған орай, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының  бастығы Ринат Тазабековпен сұхбаттасып, құтқарушылардың биылғы тасқынға даярлығы мен апаттың алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрап-білдік.

– Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов тау суларының ағыны салдарынан Жетісу облысы өңірлерін су басу қаупі бар екенін айтты. Аймағымызда қазіргі жағдай қалай? Облыстың қандай аудандарында тасқын қаупі жоғары?

 – Бізде су тасқыны кезеңінің екі толқыны өтеді. Бірінші толқын ақпан айының аяғынан наурыз айының соңына дейін жалғасады. Ол негізінен күндізгі және түнгі ауа температурасының күрт көтерілуі мен қардың қарқынды еруіне байланысты болады. Екінші толқын 2000-3000 биіктіктегі таулардың мұздықтардың еруінен өзендердің су деңгейі көтеріледі. Ол мамыр айынан маусым айына дейін жалғасады. Қазір біз бірінші толқынға дайындықты жүргізіп жатырмыз. Облыста көктемгі қар еру кезінде су басуы ықтимал 31 елді мекен бар.

– Төтенше жағдайдың алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Су тасқыны жағдайын бақылау үшін облыс бойынша 57 гидропост қойылған. Жалпы, су басу қаупі ықтималдығы бар 31 елді мекеннің 22-сіне уақытылы қабылданған шаралармен су басу қаупі төмендетілді. Атап айтсақ, былтыр су тасқыны болған Ескелді ауданына қарасты Абай мен Ешкіөлместе қызу жұмыс басталып кетті. Мұнда 1,2 км. су бұру арнасы тазаланып, жөнделуде. Абай ауылындағы Қарасу өзенінің 1,2 шақырымына, Ешкіөлмес ауылындағы Қусақ өзенінің 3,4 шақырымына механикалық тазарту, табанын тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Сәуір айының басында жұмыс толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Панфилов, Кербұлақ, Қаратал аудандары мен Текелі қаласында өзен мен каналдардың арналары тазартылып, жағалары бекітілмек. Бұл жұмыстар алдағы күндері басталады. Биыл облыстың даму жоспарына сәйкес, Текелідегі Қора және Қаратал өзендерінің, Панфилов ауданындағы Барахудзир өзенінің жағалауларын бекіту жұмыстары жүргізіледі. Негізі су тасқынына дайындықты бір жыл бұрын бастаймыз. Жалпы облыс бойынша 2,7 шақырым су бұру арнасы, 2 шақырым қорғаныс дамбалары салынды. 3 шақырым өзен арналарына механикалық тазарту, 4,2 шақырым өзен арналары бекітіліп, Кербұлақ ауданындағы «Емкөл» мен «Аралтөбе» су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, облыс бойынша су тасқыны болуы мүмкін қауіпті аймақтарға комиссиялық тексерулер өтті. Бұдан басқа, «Көктем-2024» республикалық-командалық штабтық оқу-жаттығулары шеңберінде, облыс бойынша 590 шаршы шақырым қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру,  310 шаршы шақырым өзендердің арнасын механикалық тазарту, 80 шаршы шақырым су бұру арналарын орнату және 1,4 шақырым өзен арналарын түзету мен жағалауларын нығайту бойынша алдын алу іс-шаралары жүргізілді.

Соңғы жылдары елімізде гидротехникалық құрылыстарға тиісті көңіл бөлінбей жүр. Олардың тұрақтылығының нашарлығына байланысты су қоймаларының бұзылу және елді мекендерге төнген қауіп бар. Бізде гидротехникалық құрылыстар бойынша қандай жұмсыстар істеліп жатыр?

Жалпы облыс бойынша 113 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 8-і су қойма болса, соның 7-еуінде су тасу қаупі бар. Атап айтсақ, Ақсу ауданындағы «Қызылағаш», Ескелді ауданындағы «Алмалы», «Ақешкі», «Ащыбұлақ», Сарқан ауданындағы «ГЭС»,  Кербұлақ ауданындағы «Емкөл» мен «Аралтөбе» су қоймалары. Әсіресе, «Қызылағаш» су қоймасының қаупі жоғары. Сондықтан біз оны жіті қадағалап отырмыз. Бүгінде аталмыш су қойма 70 пайыздан астам суға толды. Қызылағашты су басқаннан кейін су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ, аталмыш су қоймасы әлі қолданысқа берілмеді. Су қоймасы 100 пайыз суға толған соң ғана комиссия тексеріп, жарамды-жарамсыздығын айтады.   

Биыл облыста қанша төтенше жағдай орын алды?

8-12 наурыз күндері ауа температурасының күрт көтерілуі  және қардың қарқынды еруі салдарынан 12 су басу оқиғасы  тіркелді. Алакөл ауданының Қабанбай, Ақтүбек, Көктұма ауылдары мен Бескөл стансысы және Кербұлақ ауданы Қайнарлы ауылы бойынша 30 жеке тұрғын үй ауласына су кірді. Кербұлақ ауданы, Жоламан ауылы мен Жоламан стансысы және Малайсары ауылы мен Малайсары стансысында автожолды еріген қар суы басты. Ақсу ауданы, Қопа ауылында су бұру каналындағы су деңгейі көтерілді. Барлық оқиғаларға жедел түрде мамандар барып, тиісті шұғыл жұмыстар атқарды. Зардап шеккендер мен ғимараттардың қирауы болған жоқ.

Апат айтып келмейді. Алдағы уақытта  төнше жағдай орын алып жатса біз тас түйін дайынбыз. Су тасқынының алдын алу мақсатында 49 мың қап дайындалды. 1056 жеке құрам, 264 техника бірлігі, 141 мотопомпалар, 165 қорғаныс киімдері және 7 жүзу құралдары бар. Зардап шеккен халықты уақытша орналастыру мақсатында, білім беру және Мәдениет үйлері ғимараттарында 175 пункт бекітілген.

 – Былтыр Малайсары ауылы мен стансысын су басқанда төтенше жағдайдың алдын алу үшін нақты тапсырмалар берілген еді. Биыл тау су қайта ауыл жолдарына шайып жатыр деп естідік?

 – Малайсардағы су өз арнасымен ағып жатыр. Оны ешқайда бұра алмаймыз. Тек жалғыз амал стансы мен ауылға баратын жолға көпір салу. Стансы облыстық жолға жатады. Онда көпір орнатылды. Малайсарыға баратын жол ауданға қарайды. Аудан басшылығы 1 шақырым үйінді дамбы жасап, көпір салады. Қазір көпірдің жобалық сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Алдағы уақытта ауылдық жолға көпір салынады.

Елді мекендерден қарды шығару тасқын қаупін азайтатыны белгілі. Биыл осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды? Құтқарушылар тағы не істеп жатыр?

– «Су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы» шеңберінде, облыс бойынша 92 шақырым арық желісі, 66 шақырым канал және автожолдарда 1728 су өткізу құбырлары қардан және мұздан    тазартылды. Елді мекендерден 17 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Айдар ҚАЛИЕВ