Күздіктен күдер үзу ерте

Уақыты: 17.03.2024
Оқылды: 451
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биылғы қыс шаруаға да, диқанға да жайлы болмады. Күздің жаңбырлы ауа райы аяқасты қылышын сүйретіп жеткен қысқы аязбен ұласып,  жердің тоңын қалыңдатып жіберді. Қыстың басы қарсыз, күннің күрт жылуымен басталып, соңы сарышұнақ аязға ұласты. Қалың түскен қасат қар мен шытқыл аяз шаруаның мазасын әбден кетірді. Ауа райындағы осындай тосын өзгерістер «күздік дақылдардың жағдайы қалай болды екен?» деген шаруалардың уайымын көбейітті. Жерлестеріміздің ойында жүрген күдікті сұраққа жауап іздеп, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мамандарымен пікірлесіп, жағдайды біліп қайттық.

Қысқасы, қысқы төзімділік – күздік дақыл сортының өндіріске жарамдылығын анықтайтын маңызды биологиялық қасиет. Сондықтан өсімдіктер қыста қандай күйде екенін анықтау үшін мезгіл-мезгіл даладан сынама алынады. Осыған орай облыстық ауылшаруашылығы басқармасы аудан, қала әкімдеріне күздік дақылдардан сынама алып, үнемі бақылауда ұстау жайлы хаттар жолдаған.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасынан алынған   ақпаратқа қарағанда, өткен жылы жерлестеріміз  69200 гектар жерге күздік дақыл сепкен. Оның 68915 гектары бидай, 285 гектары арпа. Күздік дақылдардың қалай қыстағанын білу мақсатында алдын ала жүргізілген сынама (монолит) нәтижесінің 14 наурыздағы жағдайы  бойынша 58736 гектары жақсы, 9324 гектары қанағаттанарлық көрсеткіш көрсетсе, 1140 гектар жердегі егістіктің жағдайы нашар деп бағаланып отыр.

Жапы,  сынама алудың да өз әдіс-тәсілі, тәжірибесі бар. Мамандардың айтуынша, үлгіні алмас бұрын қар жамылғысының қалыңдығы өлшенеді, содан кейін қар мұқият алынып тасталады және сынаманы балтамен немесе металл күрекпен кесуге кіріседі. Нәтижелерді есептеу сынамалар алынғаннан кейін 15-ші күні жүргізіледі. Санау үшін барлық өсімдік топырақтан шығарылады, сумен жуылады, содан кейін әр монолитте тірі (жаңа тамырлар мен жапырақтар берген) және қайта өспейтін өлгендердің саны бөлек есептеледі.

Облыстық басқарма мамандарының алғашқы сынама нәтижесі бойынша 1140 гектар нашар жағдайда тұрғанын көрсетеді. Ол жалпы егіс көлемінің 1,6 пайызын құрайды. Аудан, қала бойынша қарастырғанда Ақсу ауданында 500, Алакөл ауданында 300, Қаратал аудканында 60, Сарқан ауданында 280 гектар жердің дақылы өнбей қалуы мүмкін.

Дегенмен, бұл алдын ала жүргізілген сынама нәтижесі бойынша алынған көрсеткіш. Бірақ бұл соңғы қорытынды емес. Өйткені күздік дақылдардың жағдайы туралы сынама алу мұнымен бітпейді. Алдағы уақытта тағы да жалғасады. Себебі, облыс әкімі аппаратының 11 наурызындағы хаттамасында: «Қайта себуге жататын алқаптарды анықтау үшін әрбір екі апта сайын күздік дақылдардың жағдайын тексеріп отыру керек» деген тапсырмасы бар.

Тағы бір жағынан, жағдайы нашар делінген алқаптағы дақылдың күн жылып, тоң жібіп, жер кеңіген кезде қаулап өніп шыға келуі де мүмкін. Демек, дәл бүгінгі тексеру нәтижесіне қарағанда облыстағы күздік дақылдардың жағдайы жақсы деңгейде деуге негіз бар.  

Қажет Андас
Фото: gov.kz