БӨГДЕ ӘЛЕМ ӨКІЛДЕРІ МЕ?

Уақыты: 17.03.2024
Оқылды: 429
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ел арасында «Адам дүниеге келген сәттен бастап оның жанында қорғап, қолпаштап жүретін періштелері, басқа да тылсым күш иелері болады, бірақ олар ешкімнің көзіне көрінбейді» деген әңгіме көп айтылады. Күтпеген қауіп-қатерден аман қалған сәтте «Алла сақтады», «Құдай қағып қалды», «Сәбиді періштесі қорғап қалған ғой...» деп жататынымыз да содан емес пе екен?.. «Олай болуы мүмкін емес» десең, сенбейін десең өмірде небір ғажайыптар, таңғаларлықтай кездейсоқтықтар болып жатады. Сондай бірнеше оқиғаны – өмірде болған жайттарды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Құмға құлатқан құдірет

Жұртшылық көкпардың қызығымен жүргенде қас қарайып кетеді. Екіленіп алған жігіттердің әр тобы көкпарды өз ауылдарына қарай алып кетпек болып жанталасады. Намысты қолдан бере қою оңай ма, мұндайда күтпеген қауіп-қатердің де болып қалуы мүмкін екенін ұмытып кетесің.

Сондай көкпар қызығына түскен азаматтың бірі аттың үстінен қалай ұшып түскенін байқамай да қалады. Абырой болғанда, басымен жұмсақ құмға құлайды. Атып тұрып ерге қайта қонған соң ары қарай шапқылап кете барады.

Таңғаларлығы бұл да емес. Жаңағы азамат бір мезетте қолындағы қамшысының жоқ екенін байқайды. «Жаңа құлаған жерімде қалды-ау, таңертең барып тауып алармын» деген ол жолдастарымен үйге оралады.

Таңертең інісін ертіп жолға шыққан ол іздегенін тапқан кезде қорыққанынан атынан құлап түсе жаздайды. Айналаның бәрі ат сүрінетіндей ірілі-ұсақты үшкір тас, соның ортасында төңкерілген қазанның орнындай ғана қызыл құм көзге шалынады. Әлдебір құдірет осы бір кіп-кішкене құм аралын тас «теңізінің» ортасына әдейі орнатып қойған секілді. Өзі осы жерді әдейі іздеп келгендей, фантастикалық фильм сценариімен жасалғандай көрінетін дәл осы құмға басымен құлаған. Қолын тіресе де, жандәрмен қалай аунап түссе де жаны аман қалған... Қамшы соның шетінде жатыр...

Қалай таңғалмассың, қалай қорықпассың?!. Сонда оны шағыл тас арасынан алып шығып, жұмсақ құмға әкеліп құлатқан қандай құдірет, төніп келген ажалдан алып қалған қандай күш?!

Қорқынышты құбыжық

Бұл оқиғаға да сенбеуге болады.  Бірақ сенбейін десең тапа-тал түсте, оның үстіне бір ғана адамның емес, бірнеше адамның көзінше болған оқиға.

Ауыл адамдарының жекеменшік сиырларын бағып жүрген бақташыға балалары түскі тамағын әкеледі. Аспан айналып жерге түскендей ыстық болғасын сиырлар да жайылудан тыйылып, айналадағы бірді-екілі ағаштың көлеңкесінде дамылдап жатады.

Бақташы қарияның да ойында ештеңе жоқ, балалары әкелген түскі асын асықпай ішуге кіріседі. Арасында ұлдарына өнеге айтып, өткен-кеткенді әңгіме етіп отырады.

Осынау мамыражай тыныштық бір уақытта аяқ астынан бұзылады. Бүкіл сиыр табыны орындарынан дүркірей көтеріліп, қорқынышты дауыспен мөңіреп, өкіріп-бақырып айналаны азан-қазан қылады. Бір уақытта барлығы шоқтай болып бір жерге үйіріле қалады.

Орындарынан атып тұрып сиырларға қарай жүгірмек болған бақташы қария мен оның қос ұлы да тұрған орындарында қалшиып тұрып қалады. Өйткені... сиыр табынына тиген қасқырдың үйірі де емес, басқа мақұлықтардың да тобы емес, олардан да қорқынышты өзге бір құбыжық еді... Қос мүйізді, ешкі тұяқты, жүні жалбырап, көздері от шашқан бұл мақұлық бір сиырдың үстіне мініп алған... Жандауысы шыққан жануар үстіндегі пәледен қалай құтыларын білмей шырқ айналады. Басқа жануарлар да естерінен айрылғандай әлемтапырық күйде.

Мұндай сұмдық қорқынышты сәттің қанша уақытқа созылғанын кейін ешкім тап басып айта алмады. Әйтеуір бір кезде қорқынышты пәлекет көзден ғайып болып, арада біраз уақыт өткен соң сиырлар да тыныштала бастады. Адамдар да естерін жиып тілдерін кәлимаға келтіріп бір-біріне қарады.

Ауылға оралған соң айтқан әңгімелеріне біреу сеніп, біреу сенбеді. Бірақ мұның елес те, басқа да емес, нақты болған оқиға, көзге көрінген нақты құбылыс екендігі шүбәсіз еді.

Сол кезден бері атеист ғалымдардың мұндай тылсым құбылыстар жайындағы түсініктемелеріне, жұмсарта айтқанда, күмәнмен қарайтын болдық. Негізінен материалистік танымға негізделген мұндай түсініктердің тасасында адам түсініп болмайтын небір жұмбақтардың жатқаны айдан анық еді.

Қашанда адамды тура жолдан тайдыруға күш салатын бұл малғұнның ересек адамның ғана емес, күнәдан пәк балдырғандардың да көздеріне көрінуіне не себеп?.. Жануарды не үшін тізгіндемек болды? Осынау күрделі сұрақтардың жауабын табу да оңайға түсе қоймайды.

Қайталанбаса екен дейді...

Кеңестік кезеңде автомобиль жүргізушілері мен комбайншыларды астық жинауға басқа өңірлерге жіберуші еді ғой. Ондай іссапарға барып қайтқан азаматтар бір-екі ай бойы қауырт жұмысқа араласып, әжептәуір табыс тауып қайтатын. Төмендегі оқиға сондай іссапарға барған бір азаматтың басынан өткен болатын.

Күні бойы қауырт жұмыс істеген жігіттер түнге қарай ұйқыға бірден бас қоймайды. Дала қосында шам жарығымен карта ойнап дегендей қауқылдасып отырады. Қалжырағанын сезінген біреуі ғана төсегіне қисаяды. Бірақ көзі іліне қоймай анадай жерде отырған жолдастарының әңгімесіне құлақ салып, ары-бері дөңбекшіп жатады.

Бөлмеде әлденеше адам ояу отырғандықтан, оның үстіне жарық жанып тұрғандықтан қорқуға ғана емес, басқалай елеңдеуге де ешқандай негіз жоқ еді.

Әйтсе де ол бір уақытта қарама-қарсы қабырғадан бөлінген әлдебір қарауытқан сұлбаны байқайды. Бір басып, екі басып жанына жақындаған әлгі сұлба мұны алқымынан алып қылғындыра бастайды.

Айғайлап жолдастарын көмекке шақырайын десе дауысы шықпайды. Жандәрмен тұрып кетуге де дәрмен жоқ. Ауа жетпей алқынып, жүрегі жарылып кетердей болып ышқынады. Тұла бойын қара тер басып кеткен.

Бір уақытта алқымы босап, алқына дем алды. Әлгі сұлба ізім-қайым жоғалған. Демін терең-терең алып біртіндеп есін жия бастады. Қолын созып төсегінің басындағы орамалды алып терін сүртті. Дел-сал болып біраз жатты.

Әлден уақытта жаңағы сұлбаны тағы байқады. Есіктен, терезеден кірген жоқ, тура алғашқы жолғыдай  қарама-қарсы қабырғадан бөлініп жақындап келеді. Тағы да қылғындара бастады.

Тағы да жандәрмен талпынды, дауысы шығар емес. Демі үзіліп кетердей тұншыға бастады. Қолдары ербеңдеп жатқан сияқты, бірақ онысын ешкім байқай қоймайды.

Жолдастары шынында ештеңені байқар емес, қауқылдасып карта ойнап мәз. Әлденеге ішектері қатып, қарқ-қарқ күліседі. «Шіркін-ай, біреуі байқап, көмекке келе қалса ғой» деп армандайды. Бірақ ешқайсының келе қояр түрі жоқ.

Бір уақытта бұл қиналысы да аяқталды-ау. Елес пе, сұлба ма, әлде басқа бір мақұлық па, зым-зия жоғалған.

Демін алып біраз жатты. Жолдастарын шақырайын, оларға болған нәрсені айтайын десе, сенбейді-ау, өзімді күлкі қылады-ау деп қорықты. Сонда да болса сақтық қылып орнынан тұрып, соларға жақындау барып отырды. Олардың: «Түрің қашып кетіпті ғой, не болды?» деген сұрақтарына да жауап берген жоқ. Жолдастары да одан әрі мазалай қойған жоқ, ойындарын жалғастырып қауқылдасып отыра берді.

«Сонда бұл не нәрсе болды? Мұның себебі неде?» деген сұрақ ойынан шықпай қойды. Не болса да түс еместігі айдан анық еді. Түс көріп, бастығырылып қалатындай көзі іліне қойған жоқ. Бәрі көз алдында, ақыл-есі сау қалпында болды емес пе?

Мұндай оқиға содан кейін қайталана қойған жоқ. «Сол сапарда осындай сұмдық болып еді» деген әңгімені жолдастарынан да естімеді. Демек ол елес басқалардың көзіне көрінбеген. Есіне алған сәтте Жаратқаннан ондай жағдай енді ешқашан қайталанбаса екен деп тілейді.

Бірте-бірте қорқынышы да сейіліп, көрген түс секілді ақырындап ұмыт бола бастағандай.

Қапшағай трассасындағы елес

Алматы мен Қапшағайдың арасына адам тасып таксилетіп жүрген азамат бұл табысты кәсібін аяқ астынан доғарды. Оның себебін де жария қыла қойған жоқ.

Оңаша бір отырғанда, әңгіменің орайы келгенде ғана қатты қорыққан сол бір сәтін еске алып, жақындарына баяндап берген еді.

«Қазір Қонаев қаласы десек те тас жолды ескі әдетпен Қапшағай трассасы дей береміз ғой. Алматы мен екі араға адам тасып жүріп сондай бір қорқынышты жағдайға тап болғаным бар», – деп әңгімесін бастаған ол бір сәтке үнсіз қалды. Оның сол сәттегі жай-күйін түсінген жақынгдары да асықтыра қоймайды.

«Бір күні кезекті жолаушыны казиноға жеткізіп салып, Алматыға жалғыз қайттым. Түн ортасы болып қалған мезгіл еді, – деп әңгімесін жалғастырады ол. – Жол шетіне тоқтап, сәл сергіп алмақ болып сыртқа шықтым. Мәшинелер ары-бері зулап жатыр. Ойымда ештеңе жоқ, көңілді қалпыммен әлдебір әуенді ыңылдап қоямын. Кенеттен жол шетінен ақ көйлек киген әлдебір жас қыздың сұлбасы көрінді. Маған ешбір назар аудармаған сүлесоқ қалпы жолға шығып келеді. Тірі адам болса дауыстап, бірдеңе деген болар еді деп ойлаймын. Айналадан ондай дабырлаған дауыс та естілген жоқ еді. Ал мына сүлде тірі адамға ұқсамайды. Содан кейін бе, көңілімді сұмдық бір қорқыныш биледі. Мәшинеге қалай отырғанымды, тіпті Алматыға қалай жеткенімді де білмеймін. Ендігәрі бұл жолға әсіресе түн мезгілінде аяқ баспастай болдым».

Иә, аталған тас жолдың бойынан осындай бір елестің анда-санда көзге шалынатыны жайындағы әңгіме көптен бері айтылып жүр. Рас болса, қинап өлтірілгендердің, арулап көмілмей қалған адамдардың жаны тыныш таба алмай даланы осындай елес күйінде кезіп жүреді екен деседі. Оны қинап өлтіргендер жазаланбай қалса да осындай жағдай қайталанады екен... Ондайдан Алла сақтасын дейік. Қалай дегенмен де тылсым жұмбағы шешіле қоймаған мұндай құбылыстардың ара-тұра көзге шалынып тұратыны жасырын емес қой...

ТҮЙІН ОРНЫНА: Дін ғұламалары Жаратқан Алла тағаланың аққанатты періштелерінен басқа Жындар әлемінің де барлығын айтып келеді. Белгілі ғалымдардың өздері де бізден бөлек параллельді әлемнің бар екенін жоққа шығармайды. Ол қандай әлем, физиканың қандай заңдылықтарына құрылған, олармен байланысуға бола ма дегендей мәселелер әлі де зерттелу үстінде. Ғылым мүмкіндігі шексіз дейміз ғой, кім біледі, болашақта ондай байланыс та орнап қалатын болар...

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
ардагер журналист
Фото: twitter.com