ҚАЗАҚТЫҢ ЖОМАРТ ПЕЙІЛІ

Уақыты: 15.03.2024
Оқылды: 413
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бұлтты көктің астында, буынды шөптің үстінде қайырым мен мейірімді, ізгілікті қанына сіңірген қазақтай жомарт халық кемде-кем. Жетімінің жанарын жәутеңдетпей, жесірін жырақтатпай ғұмыр кешкен кешегілердің бүгінгі буыны да барынша ізгілікке ықыласты десек қателеспеспіз. Бұл орайда Наурызнама тұжырымдамасының бір тәулігі «Қайырымдылық күні» деп аталғанының өзі жарасымды емес пе?

Он күндік мереке барысында Талдықорған қалалық әкімдігі мен мәслихатының ұйымдастыруымен қайырымдылық керуені жүріп өтті. «Наурыз мейрамы құтты болсын» деген мерекелік жапсырмасы бар азық-түлік қораптары әлеуметтік осал топқа жататын, көпбалалы, мүгедек бала асыраушы отбасылар мен қарияларға таратылды. Негізінен азық-түлік қораптары мерекелік сарқыт ретінде үлестірілді.

Таңнан басталған қайырымдылық керуенінің алғашқы сыйы 28 жастағы жалғызбасты ана Айжан Максудоваға ұсынылды.

– Қайырым мен мейірімді көріп келе жатқанымның арқасы шығар, 4 балам төрт құбыламдай өсіп келеді. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, жомарт халқымның саясында болсам, Алланың аманаты саналған балаларымды азамат етіп өсіретініме сенемін. Мерекеміз құтты болсын! – деп туған еліне, қамқор жандарға алғысын жаудырды.

Талдықорған қаласы мен аталған шаһарға қарасты Өтенай мен Еркін ауылдық округтеріндегі әлжуаз топтағы, мұқтаж 100 отбасына қайырымдылық қораптары табысталды. 

–  Қиыншылық та артта қалар өтпелі кезең ғой. Баласын жалғыз асырап отырған, жасы келген, өмірдің түрлі сынағына ұшыраған отбасылардың адамдары өмірге күліп қараса екен дейміз. Жер жасанған, көк ашылған әз Наурыз мерекесінің лебін сезінсе, қазағының жомарттығын көрсе екен деп ойлаймыз. Осы мақсатта әрі Наурызнама тұжырымдамасы аясында өткізілген ізгілікті іс болашақта да жалғасын таба бермек, – дейді Талдықорған қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мәди Шакенов.

Айта кетерлігі, аталмыш шара «Иман» мешітінде де жалғасын тауып, 100 отбасына азық-түлік пакеті таратылды. Осы күні Текелі қаласында да шаһар әкімдігі атынан моноқаладағы мектептерге 100 доп үлестірілді.

АРДА БИ
Фото: видеодан алынған кадр