Ұлт бірлігінің жиыны

Уақыты: 15.03.2024
Оқылды: 402
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау төріндегі ізашар жиында: «Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту. Біз ең алдымен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет»,– деген еді. Міне, Ұлытауда уығын шаншыған Ұлттық құрылтай киелі Түркістанға бір тоқтап, сайын дала сардарларының тұрағы болған Сарайшыққа келіп қоныс тікті.

Жалпы  Ұлттық құрылтайдың мәні де, мағынасы да терең. Бұған дейінгі өткен екі құрылтайда көтерілген мәселелер бүгін ел игілігі үшін қызмет етуде. Мәселен, еліміздің саяси жүйесіне өзгеріс әкелген реформалар, оның барлық салаға бағытталған қанаттас бөліктері, соның ішінде халық нақты сезінген «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару сынды бастамалар жалғасатыны сөзсіз. Мемлекет басшысының саясат, экономика, идеология бағытындағы әділеттілік стратегиясын қоғам оң қабылдап жатқанын да атап өткіміз келеді. Бұған дейінгі құрылтайларда көтерілген мәселелер жалғасын таба бермек.

Енді Атыраудағы құрылтайға оралайық. Ұлттық құрылтай мүшелері түрлі секцияларға бөлініп, өзекті мәселелерді қозғауда. Құрылтай қарсаңында “Мәдениет. Өнер. Руханият” секциясында көтерілген тақырыптардың бірі – елді аздырып, алауыздық тудырып жүрген, жастарымызды жүгендеп алған дін атын жамылған ағымдарға тыйым салу. Бұл кезек күттірмейтін, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысты тақырыптардың бірі. Экономикалық прогрестерді қолға алумен қатар ұлттық ұстанымды да назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Ұлттық құндылықтардан ажырап қалудың кері әсері бүгінде көрініс беріп жатыр. Осы орайда құрылтай мүшелері ойынқұмар бизнесі (лудомания) туралы Заң жобаның әлі күнге дейін Үкімет тарапынан келісудің созылып кетуі жайлы сөз қозғады. Жаһандану кезеңінде жастарымыздың осы бір кесапаттың жетегінде жұтылып кетіп жатқаны кімді болса да алаңдатып отыр. Заңмен тосқауыл қоймаса, жастардың болашағы бұлыңғыр екені анық. Қазір жаһандық тажалға айналған ЛГБТ қазақ даласына да кәрін шашып, жас ұрпақты улауда. Осы бір кесапатқа қоғам болып қарсы тұрмасақ, түп тамырына мемлекет болып балта шаппасақ, көк шөптей қаулап келе жатқаны жасырын емес. Міне, Ұлттық құрылтайда осындай тақырыптар өзекті әңгіменің арқауына айналды. ЛГБТ-ны дәріптеуді заң жүзінде тыйым салуды тиісті министрлік қолдау көрсету қажет екенін сөз еткендердің қатары көп болды. Ұлттық құндылықтардың қатарына енетін көркем, деректі, анимациялық фильмдер, театр қойылымдарының мағынасы мен мазмұнына мән беру де жиында айтылған ұсыныстың маңыздылығын арттырғандай. Расында да қазір, арзан күлкі, пайда табудың көзіне айналған көгілдір экрандарымыз ұрпақ санасына ессіз дүниені сыналап қағып жатқандай көрінеді. Ежелден  сөз өнеріне мән беріп, әдептілік пен арсыздықтан аттамаған текті елдің ұрпағымыз деп кеуде кергенімізбен осындай арзан дүние ұлт болашағына кері әсерін тигізетіні белгілі. Сондықтан бұл көтерілген ұсыныстар назардан тыс қалмайды деп сенеміз. Жалпы, Ұлттық құрылтайдағы келелі ой айтып, тәуелсіз мемлекеттің ертеңіне алаңдаушылық білдірген құрылтай мүшелерінің сөзі халықтың көкейіндегіні тап басып атқандай ой қалдырды.

Ришад Тұрғанбай
фото: 24.kz