ТАТУЛЫҚ БІРЛІКТІҢ НЕГІЗІ

Уақыты: 27.04.2018
Оқылды: 940
Бөлім: КҮНДЕРЕК

    Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Астана және Қазақстан митрополиті Александр МОГИЛЕВТІ қабылдап, христиан дінінің православ тармағына қарасты мәселелерді тыңдады. Еліміздегі тыныштыққа, тұрақтылыққа, бейбітшілікке қатысты ой-пікірлер айтылған кездесу Қазақстандағы дінаралық келісімнің бейнесіндей көрінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдік діндер съезінің өткізілуі соның дәлелі.

 

    Екіжақты кездесуде Жетісу өңірінде 105 ұлттың өкілі тұратынын, ресми түрде тіркелген 12 дінге қарайтын 597 діни бірлестіктің жұмыс істейтінін тілге тиек еткен облыс әкімі аймақта жеткен жетістіктерді таныстырып өтті.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бағыттаған мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығының бірі дінаралық келісім екендігі белгілі. Соның арқасында бүгінгі күні дінаралық келісімнің қазақстандық үлгісі деген тіркес пайда болды. Осы үлгінің негізгі екі өзегі, екі қанаты елдегі дінаралық қарым-қатынастың тұрақтылығын қолдайтын Ислам және православие, – деген Амандық Ғаббасұлы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға да тоқталды. – Қазақстандағы православ шіркеуі қоғамдық өмірдегі адамгершілік негіздерін сақтауға үлес қосып келеді. Облыс аумағында құрамына 51 жергілікті православ діни бірлестігі кіретін алты «әдепті аймақ» бар. Облыс әкімдігі орыс православ шіркеуі ғибадатханаларының, құлшылық үйлерінің салынуы мен көне діни рәсім нысандарының жөндеуден өткізілуін қолдайды. Соған орай Талдықорған қаласындағы Иоан-Пірәдар ғибадатханасын күрделі жөндеуден өткізу және Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген ауылына салынатын Архангел Гавриил шіркеуінің құрылысы жергілікті атқарушы органдардың назарынан тыс қалмақ емес. Облыс әкімдігі мен дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырумен айналысатын мемлекеттік органдардың тығыз әріптестігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы мәдени, рухани және патриоттық тәрбие бағыттарының нақтылануына септігін тигізді.
   Одан соң сөз кезегін алған Қазақстандағы орыс православ шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр Могилев мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен көмекке ризашылығын білдіріп, жүрекжарды тілегін арнады. Оның айтуынша, Ұлы Дала еліндегі жақсылықтардың, игіліктердің бастауында ұлтаралық, дінаралық келісім, татулық тұр. Мұндай адамзаттық асыл құндылықтарды дамыту бүгінгі күннің басты талабы.
    Шынайы ниет-пейілмен, ықыласпен тілек арнаған тараптар сыйлық алмасты. Облыс әкімі митрополитке Жетісу жерінің картасы бейнеленген картина сыйлады.

Мәди АЛЖАНБАЙ.