Бекзат – бас жүлдегер

Уақыты: 10.07.2018
Оқылды: 1376
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысында ІІІ Халықаралық «Ышқыбоздору – 2018» байқауы өтті. Оған Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің бишісі Бекзат Ағияр қатысып, бас жүлдені иеленді. Онда Бекзат қырғыз биі мен қазақтың «Саятшы» биін билеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Қырғыз бауырларды талантымен тамсандырған Бекзат асқан орындаушылық шеберлігімен және орындаған биінің белгілі бір сюжетке құрылуымен ерекшеленді. 

Жалпы байқауға қатысушылар дәстүрлі ән, эстрадалық ән, ұлттық аспаптар, джаз, хореография (ұлттык би), көркемсөз, актерлік шеберлік номинациялары бойынша бақ сынады. Байқауға құрметті қонақ ретінде Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншісі Өмірқұл Айниязов қатысып, өнер көрсетті. 
Қатысушылардың бәрі де әр елден келген кәсіби мамандар. Осындай дүбірлі сайыста басқалардан озық шығып, талантымен өзге жұртты мойындатқан Бекзат облысымыздың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатқаны анық. Бұған дейін де Шара Жиенқұлова атындағы республикалық байқаудың, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанып, Алматы облысының «Ең үздік биші» номинациясын иеленген еді.
Бұл байқаудан Бекзаттың алған әсері ерекше. Біріншіден, қырғыз ағайындардың ілтипатына бөленсе, екіншіден, өзі сынды майталман бишілердің өнерін тамашалап, өзінің де мүмкіндігін сынап қайтты. Ыстықкөлдің шипалы суына түсіп, бойына мол күш-қуат жинады. Бір сөзбен айтқанда, бұл байқаудың Бекзатқа берері мол болды. Бұған дейін де түрлі аламанда бақ сынап, тек жүлделі орын тұғырынан көрініп, облысымыздың абыройын асқақтатып келе жатқан ҚР Мәдениет саласының үздігі әлі талай биікті бағындырары сөзсіз.

Алма ЕСЕНБАЕВА