Қарқарадағы қымызмұрындық

Уақыты: 14.07.2018
Оқылды: 2627
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарқара жайлауына қарай бет алып барамыз. Рас, шілденің шіліңгір ыстығы таулы өңірде де айқын сезіліп қалған. Әйтеуір бүгін күн бұлтты. Жанға жайлы. Қарқара десе елеңдемейтін жан жоқ. Жайлаудың атағы алыс кеткен. Қырмызы гүлге, көкорай шалғынға оранған хан жайлау. Қымыз бен гүлдің иісі аңқыған өңір. Әйгілі Қарқара көтерілісі осында тұтанған. Көтеріліс қаһармандары Ұзақ пен Жәмеңкенің көңіл тоғайтар сөзін естиік деп жиналған қалың елдің басы қосылған Ереуілтөбе осында. Хан жайлау төрінде атақты Қарқара жәрмеңкесінің орны, Ұлы Жібек жолының бір соқпағы қалған. Ұлы шығармаларына өзек тапқан Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіровтің  аяғы тиген. 

Міне, осы тарихи жайлаудың «Иранбақ» деп аталатын жерінде қазағымның қымызмұрындық жоралғысы өтеді дегенді естігенде қуанғанбыз. Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деп атап айтқан еді. Қымызмұрындық – ұлтымыздың ежелден келе жатқан тамаша жоралғысы. Ел мен жұрттың басын қосуға, ынтымақ пен бірлікке үндеген өміршең дәстүр. Жаз жайлауға шыққанда биенің алғашқы сүті жинақталып, қор-       ланып, балдай тәтті қымызға айналғанда көрші-қолаңды, ақ баталы қарияларды, ақ самайлы әжелерді шақырып, ақ дастарқан басынан дәм татқызатын ұлағатты дүние. Әрине, мұндай дастарқан басында ел мен жер туралы, өткен-кеткеніміз, қазыналы шежіреміз туралы әңгімелер ортаға салынған. Бойында өнері бар жандар бір-бір  ауыз ән айтып, күй тартқан. Бір сөзбен айтқанда, жайлауға қоныстанған ағайынның бір-біріне деген алғаусыз көңілдерін, ақ пейілдерін, сүттей ұйыған бірлігін, жақсы қарым-қатынасын паш етіп тұрар жоралғымыз осы. 
Ата-бабамыздан келе жатқан игілікті дүниені облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» коммуналдық мекемесі және Кеген ауданының әкімдігі бірлесе ұйымдастырыпты. Бұл шын мәнінде жиырма жылдан кейін тарихи атауымен Кеген ауданы болып құрылған іргелі өңірдің алғаш өткізіп отырған үлкен шарасы екені даусыз. Оның үстіне Кеген, Қарқара өңірі шын мәнінде таза қымыздың Отаны іспетті. Жаздай қымыз дайындап, сол арқылы игіліктерін құрайтын отбасыларының қатары жыл сайын артып келеді. Тәуелсіздікпен бірге халықтық тойға, қуанышқа айналған қымызмұрындыққа естіген ел-жұрт, үлкен-кіші демей көруге асық болғаны аңғарылып-ақ тұрды. 
«Ұлы Дала елінің қонақжай қасиеті» деп аталатын қымызмұрындық биебаудың басынан басталды. Оған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев бастаған түрлі мекеме өкілдері ортақтасты. ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, сазгер Жақсылық Әбдіраманов биебаудың басында жиналған жұртты ақ батасына шомылдырды. Кеген халық театрының режиссері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, бірнеше ауданның Құрметті азаматы Нағима Таласбаева алғашқы бие байлағандағы жөн-жоралғыларды көз алдыға келтіріп, биебаудың басына ақ шүберек байлап жатты. Қымызмұрындық рәсіміне ауданның ауылдық округтері, мекемелері жақсы дайындық жасапты. Қатар-қатар тігілген киіз үйлердің іші де, сырты да ұлт жауһарларына толы. Әр ауыл көздің жауын алар көрмелерін алға тартыпты. Келі-келсаппен дән түйген, бірлесіп емен-жарқын әңгімелерін айта жүн түткен ақ әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдыға келтірді. Ат әбзелдері, қолөнер туындылары молынан ұшырасты. Шеберлер қымызды ашытып, әзірлейтін ағаштан жасалған күбінің неше түрін жайнатып қойыпты. Осы күні жиналған дүйім елдің түрлі іске, игілікке жол ашар жөн-жоралғыларымызға деген, қымбатты қол-өнерімізге деген қызығушылығымен қатар құрмет сезімінің арта түскені анық. Бұл, әсіресе, жаңадан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жүрегінде жатталып қалары даусыз. Халықтық сипаттағы қымызмұрындық жоралғысын өткізудің де түпкі мақсаты –  жастарға өнеге, тағылым ету.
Қымызмұрындыққа жиналған көпшілікті Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалар қымызмұрындық рәсімі алтын арқауын үзбей, қонақжай, бауырмал халқымыздың жақсылығына жол аша берсін айтты. Жадыраған жаз маусымында қымызмұрындық секілді тамаша салтымызға тең келер ештеңе жоғын алға тартқан  «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев оны ұйымдастырып, бар жүгін көтеріп отырған Кеген ауданының әкімдігіне, ел көшін бастап жүрген азаматтарға алғысын жеткізді.
Жайлаудың аспаны арасында ақ моншақтарын да төгілтіп тұрды. Таудың мінезі осындай. Жайлаудың күні жаңбырсыз болмайды. Осылайша қымызмұрындық күні аспаннан нұр төгіліп, дала сахнасынан әсем ән қатар өріліп жатты. Әр ауылдан құралған, тоты құстай  таранып, ұлттық киімдеріне малынған ақ әжелер ансамблі мүшелері қымызмұрындықтың көркіндей әдемі әсер қалдырды. Кеген аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Өрнек» би ансамблі жұрт көңілін желпінтіп тастады. Түрлі ұлттың әндері мен билері де ерекше әсерге бөледі. 
Қарқараның жерінде өрнектелген әдемі той ұлтымыздың ежелден келе жатқан теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ секілді ұлттық ат спорты ойындарына ұласты. Қошқар көтеруден, қазақша күрестен жарыс ұйымдастырылды. Қаз-қатар тігілген киіз үйлердің тұсынан көк түтін шұбатылып жатса, қазақтың сүт тағамдарына  толы ақ дастарқандары қонақтан босаған жоқ. Ел-жұрт бие байлайтын ағайынның шаңырақтарынан табылатын бесті қымыз, дөнен қымыз секілді көптеген  атпен ерекшеленер түрлі қымыздан дәм татты. Қонақжай шаңырақтардан қымыз иісі аңқып, ән мен жырға да кезек берілді. Қара домбырамыздың майда қоңыр үні түңліктерді желпінтіп тұрды. Сөйтіп, жаздың шуақты күнінде ұлттық рухымыз асқақтап, сан қырлы өнеріміздің мейманасы тасыды. Осындай ұмытылмас есте қалар әдемі шақта тәуелсіз Отанымызға деген, ұлтымызға деген, ауылға деген ыстық сезім бойды баурап, жүректі керней түсті.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы