Жетісу жаннат мекен

Уақыты: 14.07.2018
Оқылды: 1196
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Журналистер үйінің мәжіліс залында Жетісу географиялық қауымдастығы жартыжылдық жұмыс қорытындысына арналған жиын өткізді. Онда болашақта іске асатын жоспарлар баяндалып, жаңа жобалар талқыланды.

Аталмыш қауымдастық осы жылдың қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында құрылған болатын. Сондағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы арқылы өңірдегі бірнеше киелі орындарға блогтурлар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, зерттеушілерді де жобалар мен экспедицияларға қатыстырып келеді. Ауқымды жобалардың ішінде айта кетерлігі, аймақтағы тауларға шығып, 20 мың метр биіктікті бағындыру. Қатысамын деушілер өз еріктерімен экспедицияға үлестерін қосып, межелеген биіктікке шықты.
Шара барысында он адам салтанатты түрде қауымдастық мүшелігіне қабылданып, әртүрлі туристік сыйға ие болды. Жиынды жүргізген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев:
– Жетісу жері туризмді дамытуға таптырмас мекен. Бізде барлық жер бедері бар. Шөл, шөлейт, биік тау, орман, өзен-көлдер көптеп кездеседі. Болашақта қауымдастық Қазақстанның географиясын зерттеумен айналысады. Осыған дейін журналистер мен блогерлер Оңтүстік Қазақстанды аралады. Келесі топ Батыс Қазақстанға барғалы жатыр. Осылайша, еліміздің барлық өңірлеріндегі киелі орындарды қамтымақпыз. Биыл шетелдерге де іссапар жоспарлап отырмыз. Халықаралық «Мұқали» экспедициясымен Қытай Халық Республикасының Пекин, Сиань, Юйлинь қалаларына барамыз. Тамыз айында Шоқан Уәлихановтың 160 жылдығына орай Шығыс Қазақстанды, Қырғызстан және Қытайды аралаймыз, – деді.
Жетісу географиялық қауымдастығының жетекшісі Әнуар Демегеновтың айтуынша, басты мақсаттары – облыстың табиғи, мәдени, тарихи байлықтарын танытып, экотуризмді дамыту.
– Келешекте мүмкіндігі шектеулі жандарды да қамтитын экскурсиялар ұйымдастырамыз. Осыған дейін 5 блогтур өткіздік. Атап айтқанда, Тамшыбұлақ қайнары, Қойлық, Сағабүйен көне қалашықтары, Ақын Сара, Шоқан Уәлиханов музейі, Мамания мектебі, Есік қорғаны мен Таңбалы тас, – деген Әнуар Қалибекұлы уақыт өткен сайын қауымдастық қатары толығатынын айтты. 
Ендігі кезекте Жетісу өңіріне арналған фотобанк жүйесі іске қосылады. Оған жоғары сападағы фото, бейнежазба салынып, барлық қазақстандықтар мен шетелдіктердің көруіне мүкіндік туады. 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ