Адвокаттық көмектің аясы кеңейді

Уақыты: 19.07.2018
Оқылды: 1533
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биылғы жылдың 10 шілдесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев азаматтарға заң көмегін көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңдарына қол қойған болатын. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті.

Оған облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Қайрат Пилатов және «Заң кеңесшілер палатасының» төрағасы Александр Ким қатысты. Аталған заңдар депутаттар қарауына ұсынылмас бұрын республиканың барлық аймағында халыққа түсіндіру жұмысы қарқынды жүргенін айтқан Қайрат Асанұлы:
– Адвокатура саласын жетілдіруге және халықтың адвокаттық тегін көмегін алуға мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған заң халықтың қолдауымен қабылданды, болашақта серпінді түрде іске асатынына сенімдімін. Алматы облысының адвокаттар алқасында 403 адвокат бар. Олар 26 заң кеңестерге және 6 адвокаттық кеңсеге біріктірілген. 403 адвокаттың 246-сымен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету мақсатында әділет департаментімен келісімшарт жасалған, – деді. Сондай-ақ, биылғы жылы адвокат көрсеткен заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты 91 миллион теңгеден астам қаржы бөлінгендігін тілге тиек етті.
Заң жобасында адвокаттық қызметке кірудің қымбат жарнасын алып тастау қаралған. Аталмыш өзгеріс адвокат мамандығына жас заңгерлердің кіруіне, бәсекені күшейтуге мүмкіндік береді. Жаңадан қабылданған заңның артықшылықтары мен адвокаттар алқасының қызметіне Александр Анатольевич тоқталды. Ол елімізде авдовакаттар көрсететін кәсіби қызметтердің сапасын бақылау жолға қойылғандығын жеткізді. Сонымен қатар, аталмыш жұмыс адвокаттардың кәсіби әдеп нормаларын сақтауын, тәртіптік істердің объективті және жан-жақты қаралуын қамтамасыз ету мақсатында екі деңгейлі тәртіптік комиссияны құру арқылы жойылатынын айтты.

Мәулен Әнербай