СТАДИОН САЛЫП БЕРДІ

Уақыты: 26.07.2018
Оқылды: 1100
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Бала жүзіне күлкі сыйлау, оларды қуанту өмірдің нағыз шуақты сәті екені анық. Ал көңілі орнына келмеген, туылғалы кейбір кереметтерді көрмеген балалардың жүрегіне жылылық сыйлау тіпті ерекше. Осы орайда облыс аумағында атқарылып жатқан жайдарман жаңалықтар  жетерлік. Кембағал жандарды күтіп, бағатын, уақытын қызықты өткізіп, емдеу шараларын қолға алатын мекемелердің көптігі де осыған дәлел болса керек.

 

   Осы орайда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы балдырғандар жүрегіне тапқан жолы жетерлік. Аталмыш мекемеде тағы қуаныш, тағы шаттық. Адам бойындағы ең ерек ізгі қасиет жомарттық танытқан белгісіз жанның балалар қуанышын еселегені көңіл көкжиегін көтерді.
   Көңілі күпті балаларды ауызбіршілікке, достыққа шақырып, өнерін арттырып, шығармашылығын шыңдауда «қамқорлықтардың» еңбегі ерекше. Себебі, қандай байқау болсын мәре сызығынан көрінетін де аталмыш мекеменің балғындары. Қандай сынақ болса да сүрінбей өтетін де осы ортаның жеткіншектері. Енді, міне, «Қамқор» әлеуметтік орталығына ең бірінші балалардың бақытын ойлап, екінші қызметкерлердің тапшылық көрмеуін қалаған атымтай жомарт жан жақсылық нұрын осы ортаға септі. Жомарттық деп әсте қайырымдылық жасап, кішігірім көмегін көрсеткенді де айтамыз ғой. Ал бұл ізгіліктің жолы тіпті басқа. Бойына ақпейілділікпен, мейірімділікті, жүрегіне жақсылық пен қарапайымдылықты жиған жанның жомарттығы балалар тұрмақ бізді таңдандырды. Аталмыш мекемеге үлкен спорт алаңын салып берген кәсіпкердің қалтасынан 4 млн. қаржы шыққан. Бірақ қандай деңгейде көмек көрсетіп, қандай шамада балалар шапағатын еселесе де атын атамауды жөн көрген жомарт жанның бұл жақсылығы жүрек жібітті. Иә, «оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» демекші, береке кілті бұйырған жан жақсылығын бәріне жария жасамауды жөн санаған.
   Мұқтаж жандардың жағдайына болысу әсте үлкен бақыт. Ал мүмкіндігі шектеулілерге шаттық сыйлау тіпті тамаша. Аталмыш спорт алаңының ашылуында алғашқы сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Заида Ілімжанова ізеттілік пен ізгілік ісіне сүйсініп, балалардың қашанда осындай ақжарқын көңілде болуларын тіледі. Көңіл қуаныштарын жасыра алмаған жасөспірімдердің концерттік бағдарламалары енді ғана ашылған спорт алаңында жалғасын тауып, жұртшылық жүрегін тебірентті. Айтылған ән, орындалған би, бәрінен айрықша алғыс пен жылылықтың лебі есті. Өмірге деген құштарлығы ерек балдырғандар спорт алаңын сәнге бөлеп, ойнап-күліп қуанышқа кенелді. Жомарттық жасаған жылы жүректі жанға жұртшылықтың жеткізген тілегі қабыл болсын дейміз.

Ай НИСА