ИМАНҒАЛИ ТАСМАҒАМБЕТОВ 63 ЖАСЫНДА ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҚТЫ

Уақыты: 18.12.2019
Оқылды: 1176
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жарлығымен Иманғали Тасмағамбетов зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды. Бұл жайында "Ақорда" жазды.

Иманғали Тасмағамбетов 1956 жылы 9 желтоқсанда Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Новобогат ауылында дүниеге келген. 1979 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетін «География және биология пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан ЛКЖО ОК-нің бірінші хатшысы, ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы қызметтерінде әлеуметтік-саяси өмірде өзінің белсенді позициясын көрсетті. 1993 жылдан бастап ҚР Президентінің көмекшісі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Білім және Мәдениет министрі, Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, Президенттің бірінші көмекшісі, Атырау облысының әкімі, Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Президенті Әкімшілігінің жетекшісі, Алматы қаласының әкімі, Астана қаласының әкімі, Қорғаныс министрі сияқты лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған.

2017 жылғы 3 ақпаннан бастап ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі қызметіне тағайындалды. Дипломатиялық дәрежесі – Төтенше және Өкілетті Елші.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды