"БӨТЕЛКЕДЕГІ ДЕПОЗИТ": ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ ТҰРҒЫН ЖЕТІ ЖЫЛ БОЙЫ МОНЕТА ЖИНАҒАН

Уақыты: 18.12.2019
Оқылды: 790
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарағандылық отбасы жеті жыл бойы монета жинаған. Бұл туралы "Tengrinews.kz" тілшісі "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" өкілдеріне сілтеме жасап жазды.

Үйдің отағасы балаларының депозитіне 700 мың теңге қаражат салып, банк қызметкерлерін таңғалдырған. Олардың назарын аударған жиналған ақша мөлшері емес, оның номиналы еді. Өйткені, банк клиенті 100, 50 және 20 теңгелік монеталардан тұратын жинақ ақшасын екі бес литрлік бөтелке мен пакеттерге салып, алып келген.

Аты-жөнін жасырын қалдыруды қалаған отбасы қаражат жинауды осыдан жеті жыл бұрын бастағанын айтыпты. Ол жинақ сандықша сатып алып, оны толтырғаннан кейін жұбайының туған күніне сыйлық ретінде сыйлаған. Соңғы екі жылда жұбайы сыйға алған қаражатты жұмсамай, керісінше, ұлдары Арнат пен Тілектің депозитіне салып отырған.

Монеталарды банкке апармас бұрын, отбасы мүшелері 4 сағат бойы жинаған тиындарын санаған. Еске салайық, осыған ұқсас жағдай 2017 жылы Алматыда болған еді. Оқушы қыз "iPhone" сатып алу үшін ұсақ монеталармен 240 мың теңге жинаған. Ал одан бір жыл бұрын алматылық тұрғын жаңа смартфон сатып алар кезде ақысын жеті мөшек монетамен төлеген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"