"КІРУ ТЕГІН": ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ АЗАМАТ ТЕАТРДЫҢ 500-ДЕН АСА БИЛЕТІН САТЫП АЛДЫ

Уақыты: 19.12.2019
Оқылды: 1105
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Жетісу-медиа" ақпараттық алаңында «Бір түп алма ағашы» спектакліне шақыру бойынша брифинг өтті. Спектакль қайырымдылық мақсатында тегін қойылады.

Онда Бикен Римова атындағы облыстық драма театры директорының орынбасары Ғалия Темірбаева он жыл бойы сахнадан түспей келе жатқан аталмыш спектакль желтоқсанның 20-сы күні тегін қойылатынын, оған атымтай жомарт азамат Талғат Әбдірахманов ұйытқы болып отырғанын жеткізді.

– Бұл мазмұны терең, ана мен балалардың ортасындағы қарым-қатынасты, отбасы жағдайын көрсететін спектакль. Сондықтан да әрбір көрерменнің көңілінен шығады. Оның шынайылығы – өмірден алынғандығы. Бұл осы Ескелді ауданының Бақтыбай ауылында бір отбасында орын алған жағдай. Спектакльдің авторы кезінде өзіміздің театрда еңбек еткен актер - Әлібек Оразбеков. Қазір Нұр-Сұлтандағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында режиссер. Бұл туындының шынайылығы соншалық, ауылға барғанымызда онда ана болып ойнайтын мені спектакль біткен соң бір әйел «баланың өліміне сен кінәлісің» деп қолына кірпіш алып қуалап, автобусқа қашып кіріп, аман қалған жайым бар. Бұл спектакльдің, оны сендіріп ойнай білген актерлер еңбегінің нәтижесі деп білемін, – деді.

Қойылымда ананың кенже күйеу баласы рөлін ойнайтын театр актері Ерлік Қалибек те бұл күлдіре отырып жылататын, осылайша халыққа ой салатын, ананың қадірін, отбасының, бауырдың бағасын білдіретін спектакль екендігіне тоқталды. Оны қойған режиссер Мұрат Ахмановтың қазақ өнерінде ойып тұрып орын алатын тұлға, мықты актер екенін, спектакльдің ешбір боямасыз, қоспасыз, өмірден алынғанын, ойдан, қиялдан туындамағанын, сонысымен де құнды екендігін алға тартты.

Ал 500-ден аса билетті өз қаржысына сатып алып, көпшіліктің спектакльді тегін көруіне мүмкіндік ашып отырған Талғат Әбдірахманов оның себебін былайша түсіндірді:

- Біз ауылда өсіп, тәрбиелендік. Кезінде аналарымыздың көрген қиындығы көп еді. Таңнан тұрып, сиырын сауып, нанын пісіріп, ертелі-кеш күйбең тірлігін жасайтын. Ол кезде әрбір үйде он шақты бала болатын. Оны жеткізу үлкен күш еді. Өзім туып-өскен Кербұлақ ауданы, Шоқан ауылына қаладан әртістер келіп, керемет қойылымдар, концерттер қоятын. Шамамен 7-8 жасымда актерлер келіп, спектакль қойғаны есімде. Сол спектакль жақсының, жаманның, жағымпаздың не екенін ұғындырып кетті десем болады. Кейін Талдықорғанда театр қойылымдарына жиі барып жүрдім. Бір күні Ғалия Әмірқамзақызы «Біп түп алама ағашы» спектакліне шақырды. Сол күні үйде қонақтар болған еді. Сонда да болса барып, спектакльдің бас жағын көріп қайтайын дедім. Бірақ бұл қойылымның адамның жан дүниесін қозғайтыны соншалық, ішіне кірген соң мүлде шыға алмай қалдым. Өзім куә болып, соншалықты әсер алған спектакльді неге өзгелер де көрмеске дедім. Өйткені, соңғы жылдары анаға деген құрметтің азайып бара жатқандығы байқалады. Өмірде қателік жібергенше, соның алдын алып, ананың жүрегіне қаяу салмай, бауырды бағалап, үлкенді сыйлап, кішіге жанашырлық танытсақ болмай ма?! Осы спектакльден адамдар ғибрат алып, залда отырған бір бала болсын бойына жақсы қасиет жинап қайтса, солардың тәрбиесіне қосқан бір үлесім, азаматтық парызымның өтелгені болар еді. Сондықтан, бұл спектакльді көрермендер отбасымен келіп тамашаласа деген ұсынысым бар, – деді.

Осындай көпшілікке ой салатын спектакльді тамашалаймын десеңіздер, Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы драма театрында желтоқсанның  20-ы күні, кешкі сағат 19:00-де басталатын қойлымнан қапы қалмаңыздар. Кіру - тегін!

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы