ЭКОТУРИЗМ: АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ВИЦЕ-МИНИСТРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 20.12.2019
Оқылды: 904
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Экологиялық туризмді дамытуға Жетісу жері өте қолайлы. Бұл шетелдік туристер мен жергілікті демалушылардың жеріміздің табиғат ерекшелігі мен сұлулығын жан-жақты тануына мүмкіндік береді.

Осы мақсатпен облысымызға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев және ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев келді. Лауазымды тұлғалар облыс әкімі Амандық Баталовпен ресми түрде кездесу өткізіп, экологиялық туризмді дамыту жөнінде мәселе қозғады. Сонымен бірге, басқосуға «Алтынемел», «Шарын», «Жоңғар Алатауы», «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтары мен орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының өкілдері қатысты.

Алдымен қос тарап облысқа келудегі басты мақсаттарын баяндап, экологиялық туризмді дамытудағы жоба-жоспарларымен таныстырды. Белгілі болғанындай, олар жоғарыда аталған ұлттық саябақтар базасында экожүйені сақтай отырып, экологиялық туризмді дамытуды көздейді. Бұл жұмыстар туристердің келуіне рұқсат етілген аймақтарда жүзеге асырылмақ. Мәселен, жоспарда визит орталықтарын орналастыру, оның ішінде көлік тұрақтары, велосипед қоятын орындар, санитарлық тораптар, шағын музейлер, сол жер туралы ақпарат беретін пункттер, басқа да нысандар орналастыру бар.

Мұндай жұмыстарды жүзеге асыру Жетісу жерінің ерекшелігін айқындап, табиғи сұлулығын паш етуге үлкен жол ашатын болады. Ол үшін, біріншіден, инфрақұрылымдық жағдайды жақсарту қажет, сондай-ақ, туристерге сапалы қызмет ұсынылуы тиіс. Ойға алынған жоба-жоспарлар сәтімен жүзеге асырылатын болса, аймаққа келетін туристердің ағыны көбеймек. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізу үшін алдымен мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық өкілдерінің күш-жігері біріктірілуі керек.

Ресми қонақтардың жоба-жоспарларына құлақ асып, ұсыныс-тілектерін тыңдаған Амандық Ғаббасұлы өз кезегінде жалпы туризм саласын өркендету бағытында Жетісу жерінде жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Оның ішінде, Алакөл мен Балқаш, Көлсай көлдері, Шарын шатқалы, ұлттық саябақтар, тау туризмдері, тағы басқалары бар.

Облыс әкімінің айтуынша, соңғы жылдары аймақта аталған саланың даму қарқыны ойдағыдай. Жетісу өлкесінде тынығып, табиғат әсемдігін тамашалау үшін жер-жерлерден ағылатын туристердің қатары жыл озған сайын көбейіп келеді. Олардың алаңсыз демалуына барынша жағдайлар қарастырылып, нысандардың инфрақұрылымы жақсару үстінде.

Осының бәрін бүге-шігесіне дейін жеткізген облыс әкімі аталған министрлік өкілдерінің талап-тілектерін қолдап, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге әзір екендігін жеткізді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы