"ЕСІК-ТЕРЕЗЕЛЕРДІ БҰЗҒАН": ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ НАРАЗЫЛЫҚҚА ШЫҚТЫ

Уақыты: 19.04.2020
Оқылды: 1289
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында жергілікті тұрғындар дәрігерлік амбулаторияның алдына жиналды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметі түсініктеме берді.

Жиналғандар ауылдық медициналық мекеменің (амбулатория) коронавирус инфекциясымен ауырған азаматтармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін қолданылатын обсервациялық стационар ретінде пайдаланылуына өз наразылықтарын білдірді. Еске салсақ, амбулаторияның ішінде пациенттер болмаған, бос тұрған.

Тұрғындар арасынан бұзақылар шығып, ғимаратқа материалдық шығын келтірген. Есік-терезелерін бұзып, 30 төсек пен матрац сыртқа лақтырылған. Жиналғандардың ішінде жекелеген адамдар алькогольдік ішімдік ішіп, мас күйінде болған.

Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев жиналған тұрғындармен сөйлесуге келіп, түсіндіруге тырысқанымен ауыл тұрғындары әкімнің сөзіне қанағаттанбай, обсервациялық стационарды жабуды талап еткен. Мұнан соң мас күйіндегі азаматтар Қарасай аудандық полиция бөліміне жеткізілген.

Осы оқиға бойынша Қарасай аудандық полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексі 202-бабының 1-бөлігіне сәйкес, яғни, бөгденің мүлкіне қасақана зиян келтіру әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Төтенше жағдай кезінде заңсыз әрекетті ұйымдастырып, бұзақылыққа бастағаны үшін кінәлілер қатаң жазаланады.

Алматы облысының әкімдігі тұрғындарды көрінеу жалған ақпараттарға сенбеуге, тек ресми мәліметтерге ден қоюға шақырады. Тексерілмеген ақпарат көздерінен көрінеу жалған мәлімет таратқандар, осы тектес әрекеттерге жол бергендер Қазақстан заңнамаларына сәйкес жауапқа тартылады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"