ЕРІКТІЛЕР ЖЫЛЫ: ЖАС ЖУРНАЛИСТ ПРЕЗИДЕНТТІҢ АЛҒЫС ХАТЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 29.04.2020
Оқылды: 915
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп атаған болатын. Дәл қазіргі қиын-қыстау кезде еріктілердің жұмысы көп көмегін тигізуде. Жалындаған жастар елдегі төтенше жағдайға байланысты бірқатар күрделі жұмыстарға араласып, қол ұшын созуда. Оның игілігін көріп отырған облыс тұрғындары қаншама?!

Бұл ретте облысымыздың да еріктілері ауқымды шараларды атқарып, алғысқа бөленіп жүр. Солардың арасында облыстық жастар ресурстық орталығы «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің үйлестірушісі, журналист Жансая Смағұлова ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатына ие болды.

Осыған байланысты әкімдіктің мәжіліс залында облыс әкімі Амандық Баталов жастарын құрметтеген Қасым-Жомарт Кемелұлының Алғыс хатын Жансая Өмірзаққызына арнайы табыс етті. Жас журналиске өзінің жүрекжарды тілегін арнап, еңбегіне табыс тіледі. Сонымен қатар, естелік сыйлық ретінде кітап сыйлап, қолтаңбаға өзінің ақ тілегін қалдырды.

Амандық Ғаббасұлы облыстағы журналистер мен еріктілердің жұмысына оң бағасын берді. Бүгінде олар үлкен жауапкершілікпен еңбек етіп жатқанын жеткізді. Міне, сондай нәтижелі жұмыстың арқасында Президенттің Алғыс хатын алып отырғанын атап өтті.

Жансая І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің түлегі. Мамандығы журналист. Шығыс Қазақстан облысында, аудандық «Жұлдыз» газетінде тілші болып бастаған Жансая Жетісу жерінде де бірнеше мекемеде баспасөз хатшысы болып жұмыс істеді. Бүгінгі таңда облыстық жастар ресурстық орталығында еріктілердің ерлігін БАҚ-та насихаттап, өз үлесін қосуда.

Қазіргі таңда облыста еріктілер саны 2033 жасты құрап отыр. Олар төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік жағдайы төмен 10000 отбасыға көмек көрсеткен. Облыс еріктілерінің атсалысуымен 5000 бетперде тігіліп, тұрғындарға таратылған. Осындай игілікті жұмыстарды ұйымшылдықпен атқарып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жүр.

Жиын соңында марапат иесі Жансая Смағұлова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және әркез облыс жастарына қолдау білдіріп отыратын Амандық Ғаббасұлына алғысын айтып, алдағы уақытта да жастардың жұмысын насихаттай беремін деген ақ тілегін арнады.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы