ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ЖОЯМЫЗ? АЛИК ШПЕКБАЕВ ЖЕТІСУЛЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 09.10.2020
Оқылды: 1139
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ жұмыс сапарымен Алматы облысында болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Алик Шпекбаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков бастаған топ облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жатақханасы, «Open Taldyqorgan» сервистік әкімдігінің жұмысымен танысты.

Алдымен жұмыс тобы ат басын облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына бұрды. Мекеменің құрылысына, цифрлық рентген аппараты және төсек-орын алуға барлығы 7,5 млрд.теңге жұмсалған.

Айта кетерлігі, 55 күнде тұрғызылған аурухана жұқпалы індетті емдеуге жан-жақты дайын. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтың айтуынша, бір мезгілде 200 адамды емдеуге арналған аурухананың 20 төсегі жансақтау бөліміне арналған. Сондай-ақ, Алик Жатқамбайұлы компьютерлік томография, сандық рентген аппараты, екі гемодиализ аппараты қойылған бөлмелерді және жатын бөлмелерді аралап көрді.

Алик Жатқамбайұлы дәрігерлердің дайындығы жөнінде сұрап-білді. Мамандардың барлығының жаңа технологияны қолдану және алғашқы көмек көрсетуді үйрету курстарынан өткендігі айтылды.

Ең басты мәселе – жоғары санатты дәрігер жетіспеушілігі мен баспана мәселесі. Ақ халатты абзал жандарға арнап 17 тұрғын үй сатып алынған екен. Одан бөлек, дәрігерлерге арналған 60 пәтер мен жатақхана салынуда. Онда үйленбеген және отбасылы мамандарға арналған бөлмелер болады. Жатақхана қараша айында пайдалануға берілмекші. Сондай-ақ, жоғары медициналық оқу орындарымен келісімшарт орнатылған. Нәтижесінде оқуын аяқтаған резиденттер мен жоғары білікті дәрігерлер жұмыспен қамтылатын болады. Аурухананы мұқият қарап шыққан жұмыс тобы дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі.

Агенттік төрағасы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 288 орындық жаңа Студенттер үйіне барып, «Саналы ұрпақ» клубының көшбасшыларымен және «Ізгілік елшілері» еріктілер қозғалысының белсенділерімен кездесті.

– 2019-2020 жылдар аралығында «Саналы ұрпақ» жобасы аясында көптеген іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда, «Саналы студент» атты студенттік Парламент құрылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жастардың челленджі өткізілді. «Таза сессия» акциясы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жүгіруден марафон өткізілген. Белсенді студенттермен бірге университетіміздің ректоры Қуат Маратұлымен бірге WhatsApp әлеуметтік желісінде ортақ топ ашылды. «Жетісу – адалдық алаңы» жобасы аясында сенім жәшіктері орнатылды, – деген «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының 4-курс білімгері Нұрай Алибеков «Саналы ұрпақ» клубының атқарған жұмысымен таныстырды.

Жыл басында ашылып, қолдануға берілген «Open Taldyqorgan» сервистік әкімдігінде бүгінгі күні 8 қызметкер жұмыс істейді. Бүгінгі күнге дейін 9517 өтініш қаралып, 491 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Сапар соңынан Салтанат сарайында қоғам белсенділерімен, бизнес-қоғамдастықпен және БАҚ өкілдерімен ашық кездесу өтті. Жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде азаматтық қоғаммен сындарлы диалог құру мақсатында өткізілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны облысымызда жүзеге асыру бағытында бірқатар іс-шара кешені қолға алынған. Сондай-ақ, 15-тен аса жоба сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған. Бұл жөнінде аймақ басшысы Амандық Баталов:

– Бүгінде әкімдік тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет 83 пайызға жүйеленген. Жыл соңына дейін көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарда бар. Жер ресурстары картасына жердің 7 категориясы енгізілді. Соңғы 2 жыл ішінде 809 мың гектардан аса жердің қолданыста еместігі анықталды. Оның 569 мың гектары ауылшаруашылық саласын дамытуға бөлінді. 100 мың гектары мемлекет иелігіне қайтарылды, – деген Амандық Ғаббасұлы облыс көлемінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстармен таныстырды.

Шара барысында Алик Шпекбаев бүгінде қоғамның белсенді іс-әрекетінсіз сыбайлас жемқорлықты азайту, жою мүмкін емес екенін атап өтті. Сондықтан бүгінде әрбір азамат, әрбір қоғам қайраткері, оның ішінде, блогерлер мен журналистер парасаттылық идеологиясын ілгерілетуде және жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда ерекше рөл атқарады.

Кездесу барысында агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар мен агенттіктің 2020 жылдың 9 айындағы қызметінің негізгі нәтижелерімен таныстырды.

Атап айтқанда, Алик Жатқамбайұлы қатысушыларға Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларының үш пакетін жеткізді. Мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге бағытталған трансформациялық процестермен, бюджет шығыстарын оңтайландыру жөніндегі алдын алу жұмысының нәтижелерімен, сондай-ақ, парасаттылық идеологиясын ілгерілету жөніндегі жаңа тәсілдерімен таныстырды.

«Ашық диалог» форматында өткен кездесуде қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мәселелері бойынша, оның ішінде, қоғамды саяси жаңғырту және демократияландыру призмасы арқылы өз пікірлерін білдірді.

Жиын соңынан айтылған барлық мәселелер бойынша агенттік төрағасы толық түсініктемелер беріп, бірқатар нақты өтініштерді бақылауға алды.

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы