ІЛЕ АУДАНЫНДА ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 10.10.2020
Оқылды: 1177
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге Іле ауданы, Өтеген батыр кентіне келді. Мұнда олар Оңтүстік аймақ бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының ресми ашылуына қатысты.

Жуырда ғана облыс қоржынынан 347 милион теңге қаржы бөлініп, қос қабатты нысан күрделі жөндеуден өткен еді. Қазір су жаңа қалыпқа енген. Мамандар отыратын кабинеттер толық компьютермен жабдықталып, қажетті жиһаздар жаңартылған. Ғимарат ішінде 31 бөлме бар. Бәрі әйнек есікпен ашық форматта орналасқан. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ашықтығын айғақтайды.

Мұнда тергеу мониторинг кабинеттерінен бөлек, ардагерлер кеңсесі де бар. Сондай-ақ, "Жетісу адалдық алаңына" да жеке бөлме берілген. Агенттік төрағасы аталмыш жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін сұрап білді. Әрі басқарма мамандарына жаңарып, жасанған мекемеде тың серпіліспен жұмыс істеулерін тапсырды. Одан әрі балалар аймақтық ауруханасы мен Іле аудандық ауруханасына арнайы соғып, пандемия кезіндегі қиындықты еңсерген дәрігерлерге алғыс айтып, екінші толқынға дайындық жұмыстарын білді. Агенттік төрағасы, сондай-ақ, Оңтүстік Кореядағы серіктестер атынан 2 дана концентратор аппаратын тапсырды. Бұл агенттіктің коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрестегі гуманитарлық қызметінің екінші кезеңі екен.

Сапар соңында Алик Жатқамбайұлы Өтеген батыр кентіндегі сервистік әкімдіктің жұмысымен танысты. 56 түрлі қызмет көрсететін мемелкеттік мекемеде 9 фронт кеңсе жұмыстары жұмылдырылған. Мұнда архитектура, әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ, жер қатынастары бөлімі сияқты тоғыз бірдей мекеме мамандары халыққа бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Ашылған уақыттан бері 1810 азамат келіп, тиісті сауалдарына жауап алып қайтқан. Орайы келгенде аймақ басшысы Амандық Баталов өңірде атқарылып жатқан өзге де ауқымды жұмыстарды агенттік төрағасына таныстырды.

Мақпал МЫСА

Іле ауданы

Алматы облысы