"ЕКЕУІ БАЛА": КЕГЕН АСУЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙҒАН ТӨРТ АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Уақыты: 10.10.2020
Оқылды: 1069
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының төтенше жағдай қызметкерлері Кеген асуында қалып қойған төрт адамды құтқарды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Төтенше жағдай қызметіне кешкі сағат 16:40-та Кеген-Ақсай бағытындағы автожолдың 15-нші шақырымында қалың қардың кесірінен көліктер тұрып қалғаны туралы ақпарат келіп түседі. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар Кеген асуына 7-8 см қалыңдықта қар түскенін анықтайды. Соның салдарынан жазғы дөңгелекпен жүрген 27 автокөлік биіктікке шыға алмай, тұрып қалған. Оның ішінде, алтауы - жүк көлігі. Құтқарылған төрт адамның біреуі - аурухана бара жатқан ер кісі. Біреуі - әйел, қалған екеуі - бала.

Қазіргі таңда "Қазавтожол" ЖШС жұмысшылары жолды ашып, арнайы құм сепкен. Қар тоқтаған. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Осындай қиын жағдайға қалмас үшін төтенше жағдай өкілдері тұрғындарға қар қалың түсетін таулы аймақтармен өтерде көлікке қысқы дөңгелек салуды, өзімен бірге күрек, балта, жылы киімдер, азық-түлік қорын, техника сүйрейтін тросс, қуаты толық телефондар алып жүруді қатаң ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"